Алматы облысында кейбір карантиндік шаралар жеңілдетілді. Оқушы саны 300-ден аспайтын қала және ауыл мектептерінде білім беру дәстүрлі форматқа көшті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Дегенмен, сыныптарда бала саны 25-тен аспауы тиіс. Сондай-ақ өңірде бастауыш және мектеп бітіруші сыныптар да офлайн оқу әдісіне оралды.
Бұдан бөлек, бүгіннен бастап облыс кәсіпкерлері «Ashyq» бірыңғай жобасының талаптарымен жұмыс істеуге кірісті. Қазірдің өзінде Талдықорған қаласында 90-ға жуық нысан тіркеліп, халыққа қызмет көрсетуін бастап кетті. Олардың қатарында 80 қоғамдық таматану орны, фитнес орталықтары мен екі кинотеатр бар. Өңір тұрғындары да жаңа жүйеге бейімделіп, мобильдік қосымшаны жүктеп, қажетті қызмет түрлерін алуда.
«Өңір «қызыл» аймақта болса, осы жоба бойынша кәсіпкерлік нысан «сары» аймақтың талаптары бойынша жұмыс істейді. Егер өңір «сары» аймақта болса, онда кәсіпкерлік нысан «жасыл» аймақтағы ережелер бойынша жұмыс істейді«, - деді Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының ресми өкілі Диас Бейсенбек.
