14 мам, 2021 сағат 17:31

Алматы облысының Алакөл жағалауына Нұр-Сұлтаннан ұшақ күнделікті қатынайды


Бүгін Нұр-Сұлтаннан бет алған 80 орындық «Bombardier DASH 8 Q400» ұшағы Алматы облысы, Үшарал қаласының әуежайына қонды. Әзірге бұл бағыт бойынша ұшақ аптасына төрт рет қатынайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазіргі таңда Үшарал әуежайында жұмыс жандануда. Сондай-ақ бүгін Алматы қаласынан 18 жолаушы ұшып келді. Кері бағытқа 29 адам билет алған. 

Айта кетейік, «Алматы – Үшарал – Алматы» (күнделікті), «Нұр-Сұлтан – Үшарал - Нұр-Сұлтан» (аптасына төрт рет) және «Талдықорған – Үшарал - Талдықорған» (күнделікті) бағыттары бойынша әуе кемесі жолаушыларды тасымалдайды. Ал 1 маусымнан бастап «Нұр-Сұлтан- Үшарал – Нұр-Сұлтан» ұшағы күнделікті қатынайтын болады. 



Билет құны республикалық және облыстық бюджеттен субсидияланғандықтан, жолаушылар үшін тиімді. Мысалы, Нұр-Сұлтаннан Үшаралға билет бағасы – 16 мың теңге, Алматыдан – 15 мың, ал Талдықорған қаласынан 8 мың теңге тұрады. 

«Жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлы сапары үшін барлық жұмыс атқарылуда. Біздің қызметкерлердің барлығы біліктілігін арттырып, арнайы сертификаттарын алды. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық санитарлық талаптар сақталатын болады», - деді «Жетісу» авиакомпаниясының президенті Қалмұхамет Дөнсебаев.