18 қыр, 2025 сағат 11:50

Алматы облысында су қоймасы мемлекетке қайтарылды: сот жесір әйелдің құқығын жарамсыз деп таныды

Фото: ашық дереккөз

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Ворошиловское» су қоймасына қатысты даулы істі қарап, нысанды коммуналдық меншікке қайтару туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Ult.kz.

Белгілі болғандай, 2017 жылы су қоймасы 49 жылға сатып алу құқығынсыз жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда кәсіпкер 2021 жылы қайтыс болғаннан кейін басқару құқығы қосымша келісім негізінде оның жесіріне рәсімделген.

Сот дерегінше, сенімгерлік басқару шарты сенімгердің қайтыс болуымен бірге тоқтауы тиіс еді. Бірақ заңға қайшы рәсімделген келісім салдарынан су қоймасы тиімді басқаралмады. 2024 жылы бас бөгет жарылып, мемлекетке елеулі шығын келтірді, үлкен аумақтар суарусыз қалды.

Қаржы басқармасы бірнеше рет ескерту жасаса да, жесір әйел талаптарды орындамаған. Нәтижесінде сотқа арыз түсіріліп, мынадай шешім қабылданды:

  • 2017 жылғы сенімгерлік шарт – бұзылды деп танылды;

  • 2021 жылғы қосымша келісім – жарамсыз деп танылды;

  • жесірге берілген мұрагерлік құқығы туралы куәлік – жарамсыз деп танылды.

Сот шешімімен су қоймасы коммуналдық меншікке қайтарылды. Осылайша, мемлекеттік мүдде заң жүзінде қорғалды.

Шешім заңды күшіне енді.