27 мам, 2021 сағат 16:23

Алматы облысында пандемиямен күрес қалай жүріп жатыр?


Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пандемиямен күресте қандай жұмыс атқарылғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Пандемия кезінде қиындықтар болды, тапшылық байқалды. Оттегі болмады, емдеу ісі дұрыс жүргізілмеді. Президенттің тапсырмасымен барлық кемшіліктерді ескере отырып, пандемиямен күресу үшін барлық медициналық мекемелерімізді сәйкестендіруге 14 млрд теңге бөлдік. 180 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Барлық 17 аурухана қайта жабдықталып, 17 оттегі стансасы салынды. 200 төсек-орынды жұқпалы аурулар ауруханасы салынды. Мұның бәрі жақсы нәтиже берді. Науқастар саны ең жоғары кезде де бұрын мың төсек-орынмен қамтысақ, қазір 5 мыңға дейін орын бар», - деді А. Баталов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, инфекциялық стационарлардағы төсек-орын жүктемесі 55-57%-дан аспайды. 

«Бұл көрсеткіш қазір 31%-ға дейін төмендеді. Жұқпалы аурулар бөлімшелеріндегі науқастар саны 10%-дан аспайды. Ең басты көрсеткіш – өлім-жітім төмендеді. Дәрі жетіспеушілігі туралы айтылған еді, қазір бізде дәрі-дәрмектің екі айлық қоры бар. Біз 9 млрд теңгеден қажетті қаражат бөлдік. Жеке қорғаныс құралдары бойынша да таусылмайтын қор бар», - деді Амандық Баталов.