24 мау, 2020 сағат 14:11

Алматы облысында ауыл тұрғынының көзіне пышақ сұғып өлтірген 22 жастағы жігіт ұсталды

Алматы облысында 30 жастағы жігіттің көзіне пышақ сұғып алған күдікті ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі мәлім етті. 

21 маусым күні сағат 19:03 шамасында Алматы облысы Қарасай аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне Қарасай ауданының Абай ауылынан Алматы қаласының №7 қалалық клиникалық ауруханасына 30 жастағы тұрғын түскені хабарланған. Жәбірленушінің сол жақ көзінен пышақпен жаралаған. Бірақ ол ауруханаға жеткізу кезінде көз жұмған.

«Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы құрылысшылардың Абай кентінде 44 жастағы тұрғынның үйінде жөндеу жүргізгенін анықтады. Қожайынға түскі үзілісте жәбірленушінің танысы келіп, өзімен бірге 3 бөтелке арақ алып келген. Спирттік ішімдік ішкен жәбірленуші мен бір жұмысшының арасында жанжал туындаған. Кикілжің кезінде табыс табу үшін келген Шымкент қаласының 22 жастағы тұрғыны асүй пышағымен жәбірленушінің көзінен ұрған. Ол бірден далаға шығып, қожайынның автокөлігін айдап әкетіп, ізін суытқан. ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлімі, 200-бабы 1-бөліміне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - деді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі, полиция майоры Ақбота Қуанышбекқызы.

«Тосқауыл» жоспары жарияланды. Рация бойынша хабар алған «Борт 200» патрульдік полиция ротасының экипаж құрамындағы полиция лейтенанты М. Батакбаев пен полиция аға лейтенанты А. Амангелді «Алматы-Бішкек» автожолынан іздестіріліп жатқан автокөлікті көріп, оның ізіне түскен. 

Жүргізуші полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы талабын еш елемеген. Көп ұзамай көмекке «Борт 190» және «Борт 24» патруль экипаждары жеткен. Полицейлер қоршап алған соң күдікті жөндеу жүргізіліп жатқан автожолдың 36-шақырымында көлікті басқара алмай, аударылғаннан кейін ұсталды.

«Күдікті бұрын да бұзақылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазір ол қамаққа алынды. Қылмыскерді ұстауға небәрі 30 минут уақыт қажет болды», - деп атап өтті майор Ақбота Қуанышбекқызы.