Алматы облысында әріптесі жарақаттаған полицейдің жағдайы белгілі болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«28 күні Райымбек аудандық ауруханасына түскен полиция қызметкерінің жағдайы орташа ауыр. Қазір ол хирургиялық бөлімде ем қабылдап жатыр. Оң жақ аяғының артқы бөлігінен жарақат алған. Ота жасалды», - деді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Ләйлім Әубәкірова.
Естеріңізге сала кетейік, 27 сәуірде түн ортасында Райымбек ауданында аудандық ішкі істер органдарының екі қызметкері арасында тұрмыстық жанжал болды.
«Салдарынан олардың бірі табельдік қару қолданған. Учаскелік инспектор жамбасынан оқ жарақатын алып, Нарынқол ауылының ауруханасына жатқызылды. Не жағдай болғанын тексеру үшін оқиға орнына бардық. Нәтижесінде оқиғаның барлық мән-жайы анықталды», - деп жазды Серік Күдебаев Фейсбуктегі парақшасында.
Қазір осы оқиғаға орай ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіруге оқталу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сонымен қатар, қызметтегі кемшіліктері және жеке құрамға бақылауды әлсіреткені үшін аудандық полиция бөлімі басшысының сыртқы қызметтерге жауапты бірінші орынбасары қызметінен босатылды.
«Әріптесімен жанжалдасқан қызметкерлер жұмыстан шығарылып, бірқатар лауазымды тұлға қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деп жазды ол.
Алматы облысы полиция департаментінің басшылығы заң мен тәртіпті сақтау бойынша жан-жақты шаралар қабылдайды, деп толықтырды өңір полициясының бастығы.
