Тәуелсіз Қазақстанда 140-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқаны белгілі. Ал бір ғана Алматы облысының өзінде 105 этнос өзара ынтымағы жарасып, берекелі өмір сүруде. Осы орайда «Ұлт» ақпараттық порталы аталған облыстағы этнос өкіолдерінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстыруды жөн көріп отыр.
Алматы облысында әр этностың этномәдени орталықтары өңірлерде тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда «Достық үйінде» облыстық және қалалық 23 этномәдени бірлестігі жұмыла қызмет атқарады.
Мәселен, «Алматы облыстық славян қозғалысының» төрайымы – Наталья Белик. Бұл қозғалыстың белсенділері мақсатты түрде балалар мен жасөспірімдер демалысын ұйымдастырып, облыста әр түрлі бағыттағы кәсіби және әуесқой шығармашылық ұжымдар құрады.
«Өңірімізде халықаралық – «Пушкин жазы» балалар фестивалінің бірнеше рет өткізілуі – славян қозғалысының мақтанышы. Орталық Азияның бес елінен мыңнан астам жасөспірім қатысқан фестивальдің мақсаты – балалар мен жастар үшін этномәдени кеңістікті сақтау, өскелең ұрпаққа халықтар достығы мен патриоттық тұрғыда тәрбие беру. Бұған қоса, халықтық шығармашылыққа, славяндардың мәдени мұрасына баули отырып, өскелең ұрпақтың шығармашылық дарынын дамытуды көздейді», - дейді «Алматы облыстық славян қозғалысының» төрайымы – Наталья Белик.
Сонымен қатар, Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ «Алматы облыстық орыс орталығы» қоғамдық бірлестігі ашылған. Оның қазіргі төрағасы Александр Бузыкин. Қазақстандағы ұлттар достығы туралы орыс диаспорасының өкіді Анна Мерзлякова әңгімелеп берді.
«Қазақстандағы ұлттар достығын көзбен көріп, жүрекпен сезіп жүргендердің бірі менмін. Көңілі даладай дарқан қазақ халқы барлық ұлт өкілдерін өзінің жақынындай көреді. Бір үйдің баласындай бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Мен өз ана тіліммен қатар, мемлекеттік тіл – қазақ тілін білемін, құрметтеймін. Тіл білу арқылы мен қазақтың жанын түсіндім десем де болады. Қазақтай дарқан халықтың кеңдігін, байлығын, көңілін ұқтым. Сол үшін мен қазақ халқына мәңгі қарыздармын. Қазақ тілі – әлемдегі бай тілдердің бірі десе бұрын сенбес едім. Қазақ тілін үйренгелі бері қазақ тілінің қаншалықты бай екенін түсіндім», - дейді Анна Мерзлякова.
Айта кетейік, тәуелсіздік жылдары бұл ұйым өте белсенді жұмыс істеген. Атап айтқанда, театр өнерін дамытуға және жергілікті халықты славян мәдениетімен таныстыру ауқымын кеңейткен, қалалық және облыстық бұқаралық мәдени шараларға белсенді түрде қатысатын «Сударушка» халық ансамблі құрылған, «Харуат» шығармашылық орталығы ашылған. Этномәдени бірлестіктердің қызметі әрқайсысының жеке үйлестірушісі бар секторларға бөлінген. Бұл бірлестіктің барлық ресурсын барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Соынмен қатар, «Капитошка» қуыршақ театры, «Жас фотосуретші мектебі» ұйымдастырылған.
Ал «Белорус мәдениет орталығы» өңірлік қоғамдық бірлестігін Жанна Третьяк басқарады.
Төрайымның айтуынша, аталған орталық Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықты нығайту, экономика мен білім, мәдениет саласы бойынша қарым-қатынасты күшейтуді мақсат етеді.
«Біздің бірлестік Қазақстан халқының береке-бірлігін, этносаралық татулығы мен достығын нығайтуға барынша үлес қосып, белорус этносының мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтауға белсене атсалысуда. Орталық құрамында жастар тобы да жұмыс атқарады. Бүгінгі күні белорус орталығы ҚХА шығармашылық топтарының - «Славян базары» халықаралық фестиваліне қатысуына мүмкіндік беретін жаңа жобаларды қолға алуда. Сонымен бірге бірлестік жыл сайынғы дәстүрлі мерекелерді өткізуді де күн тәртібінен қалдырған емес. Мәселен, Рождество, Масленица және Сябрина мейрамдарымен қатар, қайырымдылық көрсетуде де біршама істерге ұйытқы болып отыр», - деді төрайым.
Сонымен қатар, Алматы облысында Дарья Кравченко басқаратын «болгар мәдени орталығы» жұмыс істейді. Орталық болгар этносының тілі мен мәдениетін дамытуды, этносаралық келісімді сақтау мен жастарды толеранттылық рухында тәрбиелеуді негізгі міндеті санайды.
«Біздің орталық «Родное слово» болгар тілі мен мәдениеті күндерін, этникалық мұраға қатысы бар басқа да шаралар өткізіп тұрады. Этнобірлестік мүшелері жыл сайын дәстүрлерден басқа халық тарихымен таныстыруға бағытталған сан алуан іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Орталық жүзеге асырған әлеуметтік маңызы бар жобалардың бірі – «Мүгедектер біздің арамызда». Онда бірлестіктің белсенді мүшелері мүгедектерге қамқорлық жасап, олардың емделуіне көмек бере алатын демеушілер тауып береді. Бұған қоса, жоғары және арнаулы орта білім алу мәселелерін шешіп, өз бизнесін ашуға кеңес беріп отырамыз»,- дейді Дарья Кравченко.
Естеріңізге сала кетейік, Тәуелсіз Қазақстанда 140-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқаны белгілі. Ал бір ғана Алматы облысының өзінде 105 этнос өзара ынтымағы жарасып, берекелі өмір сүруде. Ал әр этностың этномәдени орталықтары өңірлерде тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда «Достық үйінде» облыстық және қалалық 23 этномәдени бірлестігі жұмыла қызмет атқарады.