Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Індет салдарынан туындаған дағдарысқа қарамастан, тұрақты даму принциптерінің басымдығы сақталды. Сондықтан Мемлекет басшысы экономикалық дамудың жоғары қарқынын қалпына келтіру, инвестиция тарту мен халықтың табысын арттыру міндеттерін алға қойды. Жыл басынан бергі 4 айда облыста барлық негізгі салаларда өсім қамтамасыз етілді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15,3%-ға, құрылыс жұмыстары – 4,2%-ға, сауда – 3,7%-ға, ауыл шаруашылығы – 0,5%-ға ұлғайды», - деді А. Баталов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Әкімнің айтуынша, мемлекет бюджетіне 220 млрд теңге мөлшерінде түсім түскен, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге көп (151 млрд теңге).
Облыс экономикасына 1,6% өсіммен 127 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл соңына қарай инвестиция көлемі 811 млрд теңге деңгейінде болжануда.
«2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі инвестиция көлемін 30% дейін ұлғайту міндеттерін орындау үшін 45 мың жұмыс орнын құратын, 5,4 трлн теңгелік 562 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптасты. Оның 327-сі жүзеге асып жатыр, олар тұрақты инвестиция легін қамтамасыз етеді. Мұнда 9 Трансұлттық компания өзінің елеулі үлесін қосты. Өткен жылдардан бері жұмыс істеп тұрған «Маревен Фуд», «Лукойл», «Willo» кәсіпорындары мен биыл іске қосылған «Алацем» цемент зауыты мен «Фид Миллс» құрама жем зауыты өндірістерінің жалпы көлемі 165 млрд теңгені көрсетті. Алдағы уақытта трансұлттық компаниялардың тағы 5 жобасы іске қосылғанда олардың жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 25% болады», - деді А. Баталов.
