Алматы мектебінде жалюзиге ақша жиналғаны туралы мұғалімнің жанайқайы бойынша тексеру басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің өкілі Әйгерім Жұмабекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматының Жетісу ауданында орналасқан №143 мектеп-лицейінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Ләззат Мұсанова Facebook-те мектеп терезесіне жалюзи сатып алуға мұғалімдер мен ата-аналар ақша жинағанын жазған болатын. Оның айтуынша, ол соңғы 14 мың теңгесін жалюзи орнататын адамдарға беруге мәжбүр болған.
Мұғалімнің жазбасы көпшілік арасында қызу талқыға түсті.
Сонымен қатар, педагог ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтан бұл мәселеге араласуын өтінді.
Бұл наразылықтан соң №143 мектепке қалалық Білім беру басқармасының басшысы Гүлнәр Қожабергенова бастаған арнайы комиссия шыққан.
«Қазір мектепте тексеру жүріп жатыр. Қосымша ақпарат кейін хабарланады», - деді Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Кейінірек Л. Мұсанова білім ордасының директоры Гүлсара Байеділова оның 14 мың теңгесін қайтарғанын және оқушылар ақшаның жиналғанын растап бергенін жазды.