20 мам, 2020 сағат 18:35

Алматы кәсіпкерлері 10 мыңнан астам жұмыс орнын құрады

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мәслихат депутаттарымен карантин кезінде санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қала тіршілігі мен экономикасын кезең-кезеңімен қалпына келтіру жоспары Exit Strategy-ді іске асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бейнеконференция режимінде өткен кездесуде коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл және эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру шаралары бойынша мәселелер пысықталды. Сондай-ақ кәсіпорын қызметін кезең-кезеңімен қайта жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, 20 сәуірден бастап санитарлық қауіпсіздікті сақтау аудитінен кейін жұмыспен қамтылғандар саны 540 мың адамға жетті. Соның ішінде 200 мыңға жуығы Алматы облысының тұрғындары еді. Ал 25 мамырдан тағы 84,2 мың адам жұмысқа шығады.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, экономиканы қалпына келтірудің негізгі бағдарламалары мен тетіктері ретінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы», шағын және орта бизнесті қолдау, тұрғын үй құрылысы, үдемелі білім беру нысандарының құрылысы болып табылады. 

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 2020-2021 жылдарға жалпы сомасы 103,9 млрд теңге болатын 214 жобаны іске асыру жоспарланған. Сондай-ақ әлеуметтік-мәдени және ТКШ нысандарын, көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуден өткізу, қайта жөндеуден өткізу мен құрылыс жүргізу, елді мекендерді абаттандыру көзделген. Бұған қоса 26 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Жоба пайдалануға берілгеннен кейін 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Сондай-ақ шаһар басшысы шағын және орта бизнесті қолдау басымдықты міндеттердің бірі екенін тілге тиек етті. Бұл шешімді жүзеге асыру арқылы Алматының елдің қаржы және іскерлік орталығы ретінде қалыптасуына толық негіз бола алатынын ерекше атап өтті.

Әкімдік ұйытқы болған негізгі бағдарлама Almaty Business-2025 болып табылады. Сонымен қатар, өткен жылдан бастап республикада «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін жалғыз Qoldaý кәсіпкерлік орталығы қызмет көрсете бастады. Индустриалды аймақтың жұмысы жанданып, шағын өнеркәсіптік парктер құрылуда. 

Аталған жобалар аясында «Еңбек»,«Қарапайым заттар экономикасы», «Даму» КДҚ арқылы жобаларды қолдау шеңберінде кәсіпкерлік саласында 10 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда.