10 сәу, 2020 сағат 08:20

Алматы қаласында коронавирустан бір науқас көз жұмды

Алматы қаласында коронавирус індетінен бір науқас көз жұмды. Ол 1956 жылы дүниеге келген, - деп хабарлайды coronavirus2020.kz.

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасысының басшысы Тілеухан Әбілдаевтың cөзінше, Алматыда коронавирус инфекциясынан қайтыс болған әйелдің басқа да созылмалы аурулары болған.

Оның айтуынша, пациент байланыста болғандар қатарынан, оның оң талдауы 16 наурызда анықталды. Қосымша аурулары болуына байланысты ол 18 наурызда реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне орналастырылды.

Науқас, атап айтқанда, өкпенің созылмалы обструктивті ауруларымен, жүректің созылмалы жеткіліксіздігі мен жүректің ишемиялық ауруларымен, стенокардия, артериялық гипертензия дертімен ауыратын.

«Жүргізілген қарқынды терапияға қарамастан жағдай полиоргандық жеткіліксіздіктің – тыныс алу, жүрек-қан тамырларының дамуына байланысты прогрессивті түрде нашарлады. 9 сәуірде қосымша ауруларының үдеуі аясында сағат 23.20-да қан айналымы тоқтады. 30 минут ішінде жүргізілген реанимациялық іс-шаралар сәтсіз болып, сағат 23.50-де қайтыс болғаны анықталды. Негізгі диагнозы: COVID-19 коронавирустық инфекциясы, расталған жағдай. Екі жақты полисегментті пневмония, ауыр ағымы. Екі жақты плеврит. Өкпенің ісінуі, Лайелла синдромы», - дейді Тілеухан Әбілдаев.

Қазір Қазақстанда коронавирус жұққан 802 адам анықталған. Министрлік жұма күні таңертең 21 адамнан вирус табылғанын хабарлады. 

60 адам дерттен айықты. Қызылорда облысында вирус жұқтырғандар жүзден асты.

Вирус жұқтырғандар мына аймақтарда:

  • Нұр-Сұлтан қаласы – 226
  • Алматы қаласы – 122
  • Қызылорда облысы – 104
  • Ақмола облысы – 61
  • Қарағанды облысы – 61
  • Түркістан облысы – 34
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 25
  • Ақтөбе облысы – 11
  • Алматы облысы – 10
  • Атырау облысы – 45
  • Шығыс Қазақстан облысы – 6
  • Жамбыл облысы – 45
  • Шымкент қаласы – 31
  • Батыс Қазақстан облысы – 6
  • Қостанай облысы – 3
  • Маңғыстау облысы – 9
  • Павлодар облысы – 3