16 там, 2021 сағат 18:50

Алматы соты Мамай мен Иманбаева жариялаған ақпаратты дәлелсіз деп тапты

 

Апелляция Байбектің Мамай мен Иманбаеваға қатысты арыз-талабы бойынша сот шешімін өзгертусіз қалдырды. Бұл туралы Алматы қалалық сотының фейсбуктегі парақшасында жарияланды. 

Алматы қалалық сотында Б.Байбектің Ж. Мамай мен И. Иманбаеваға ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейтін деп тану туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарау аяқталды. Іс жауапкерлердің апелляциялық шағымы бойынша келіп түскен болатын. 

Бүгін Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі оның заңдылығы мен негізділігіне байланысты күшінде қалдырылды. 

«Алматы қаласы сотының апелляциялық сот алқасы өз шешімін түсіндіре отырып, сотта жауапкерлер Ж.Мамай мен И. Иманбаеваның өз материалдарындағы, соның ішінде әлеуметтік желілерден алынған мәліметтері шындыққа сәйкес келетінін дәлелдемегенін атап өтті. Осылайша, жарияланған ақпарат дәлелдермен расталмады және негізсіз болып табылады», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, алқа тараптардың назарын азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзуға жол бермеуге аударды. 

«Атап айтқанда, жауапкерлердің жарияланымдарында Б.Байбектің ауыр қылмыс жасағаны үшін мақсатты түрде айыпталуы орын алды. Бұл ретте әрбір адам оның қылмыстық қылмыс жасаудағы кінәлілігі дәлелденгенге және соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз деп есептеледі», - делінген қаулыда. 

Бұған қоса  сот талқылауы барысында жауапкерлер тиісті дәлелдемелер ұсыну туралы соттың бірнеше мәрте өтінішіне мұндай дәлелдемелер ұсына алмады. 

«Сондай-ақ алқа мемлекеттік басқару органдары актілерінің заңсыздығы мен жарамсыздығы туралы журналистердің және кез келген бұқаралық ақпарат құралдарының заңды күшіне енген тиісті сот актісі болмаса, негізсіз бекітуіне жол берілмейтіндігін атап өтті. Сонымен қатар, әркім Конституцияны қатаң сақтауы керек, қорғауға жататын азаматтардың құқықтарын, ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеуі керек. Қаулы заңды күшіне енді», - деп жазылды қалалық сот таратқан жазбада.