08 сәу, 2019 сағат 11:30

Алматы әкімі "Көкжайлау" курортының жобасын кейінге қалдыруды ұсынды

 

8 сәуірде өткен қоғамдық кеңес отырысында Алматы әкімі "сарапшылар пікірін толық зерделеп, жобаны дамыта түсу үшін" "Көкжайлау" курортының құрылысын кейінге шегеруді ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бауыржан Байбектің Туиттердегі жазбасына сілтеме жасап.

"Асығудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Сарапшылар пікірінің бәрін ескеріп, жаңа орындар қарастыруымыз керек. "Көкжайлау" жобасын дамытып, кейінге қалдыруды ұсынамын. Оның үстіне, мамандардың пікірінше, ендігі бар курорттарды дамытуға аз дегенде үш-бес жыл керек. Осы уақыт ішінде тәжірибе жинап, маман дайындап, тұрғындар мен курорт қонақтарының пікірін зерделейміз. Осыдан соң ғана "Көкжайлау" тау-шаңғы курортының құрылысына кірісе аламыз" дейді Бауыржан Байбек.

Биыл күзде Алматы қаласы әкімдігі бастапқы жобаны қайта қарап, ықтимал құрылыс аумағын 14 есе қысқартқан. Бірақ қоғам өкілдері билік жоспарымен әлі де келіспейді. Олардың айтуынша, қонақүй, кафе, инфрақұрылым нысандарын салу таудың экологиялық жүйесіне үлкен зиян келтірмек.

Алматыға жақын "Медеу" мұз айдынынан төрт километр қашықтықта орналасқан шатқалға курорт салу жобасы 2002 жылы көтерілген. Алматы билігі оның тау экожүйесіне зиян келтірмейтінін айтады. Қалалық әкімдіктің пікірінше, жоба туризмді дамыту үшін өте маңызды.

Көкжайлауға курорт салуға қарсы қоғамдық экологтардың шағымы бойынша сотта бес іс қаралды. Прокуратураға жиырмадан астам арыз түсті.

2017 жылы Орхус конвенциясын сақтау мәселелері жөніндегі комитет Қазақстанның жобаны талқылауға қоғам өкілдерін қатыстыру ісінде Конвенция талаптары мен жергілікті заңнаманы сақтамаған деп тапқан.