04 шіл, 2025 сағат 17:28

Алмат Амангелді: «Avignon OFF» фестивалі – жаңа мүмкіндіктер есігі

Фото: Алмат Амангелдінің жеке мұрағатынан

 

Ұлттық қуыршақ өнерінің темірқазығы саналатын Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры Франция мемлекетінде өтетін заманауи театр өнерінің ең ауқымды шараларының бірі «Off Avignon» халықаралық фестиваліне қатысуға жолдама алды. Театр аталмыш фестиваль аясында Уильям Шекспирдің классикалық туындысы «Ромео мен Джульетта» спектаклін 16-26 маусым күндері сағат 20:40-та «LaScierie» театры сахнасында ұсынады. Осыған орай Ult.kz тілшісі театр директоры Алмат Амангелдімен сұқбаттасты.


– Алмат Амангелдіұлы, «Avignon OFF» фестиваліне шақырту алу сіздер үшін қандай маңызға ие болды?


– «Avignon OFF» халықаралық театр фестиваліне шақырту алу – біз үшін үлкен мәртебе, сонымен қатар зор жауапкершілік. Бұл – әлемдік деңгейдегі өнер алаңына қадам басу деген сөз. Қазақстан атынан қатысып, ұлттық театр өнерімізді, соның ішінде қуыршақ театры өнерін халықаралық аудиторияға таныстыру – үлкен мақтаныш. Біз үшін бұл фестивальге қатысу – тек қойылым көрсету ғана емес, мәдени диалогқа, шығармашылық тәжірибе алмасуға, заманауи театр үрдістерін зерделеуге мүмкіндік. «Avignon OFF» бағдарламасы – экспериментке, креативті ізденіске, жасампаздыққа ашық кеңістік. Сондықтан біздің театр үшін бұл – жаңа шығармашылық серпін, кәсіби өсуге жол ашатын маңызды баспалдақ. Бұл шақырту – театр ұжымының мерейлі 90 жылдық мерейтойының алдында халықаралық деңгейде еңбегінің кеңінен насихатталуына көп мүмкіндік беретіні анық.  


– Қуыршақ театрының халықаралық деңгейде мойындалуы нені білдіреді?


– Қуыршақ театрының халықаралық деңгейде мойындалуы – бұл ең алдымен біздің ұлттық өнеріміздің, мәдени кодымыздың әлемдік сахнада танылып, құрметке ие бола бастағанының дәлелі. Бұл – қазақтың дәстүрлі бейнелеу тәсілдері мен қазіргі заманғы сахналық тілдің үйлесім тауып, шетелдік көрерменге де әсер ете алатынын көрсетеді. Еуропадағы ең беделді фестивальде өнер көрсетуі – біздің театр ұжымының кәсіби шеберлігіне, креативтілігіне және тақырып таңдаудағы өзектілігіне берілген әділ баға. Бұл – біз жасаған әрбір қойылымның тек балалар мен жасөспірімдерге ғана емес, әртүрлі мәдени және тілдік ортадағы көрерменге де ұғынықты, әсерлі бола алатынын білдіреді. Сонымен қатар, халықаралық мойындау – алдағы уақыттағы театр фестивальдері, гастрольдік сапарлар мен мәдени әріптестіктер үшін берік негіз қалайды. Бұл – болашаққа бастар жол, жаңа мүмкіндіктердің есігі. Біз үшін бұл – тек бедел емес, сонымен қатар шабыт пен үлкен жауапкершілік.


Фото: Қуыршақ театрының баспасөз қызметі


–  «Avignon OFF» фестивалінің ерекшелігі неде?


–  «Avignon OFF»  – бұл Еуропадағы ең ірі тәуелсіз театр фестивальдерінің бірі. Оның басты ерекшелігі – еркін шығармашылық рухында. Мұнда түрлі елдерден келген театр ұжымдары өздерінің ерекше, жаңашыл қойылымдарын ешқандай шектеусіз көрсете алады. Классикалық драмадан бастап заманауи пластикалық театр мен қуыршақ өнеріне дейінгі түрлі бағыттар сахнаға шығады. Фестивальдің тағы бір маңызды ерекшелігі – көрермендермен тығыз байланыс. Қала көше театрына айналып, өнер күнделікті өмірге еніп кетеді. Бұл жерде әрбір қойылым – тек сахналық әрекет емес, нағыз мәдени оқиға, ашық диалог, шынайы пікірталас алаңы.

Сондай-ақ, «Avignon OFF» – жас театрлар мен тәуелсіз шығармашылық топтар үшін үлкен мүмкіндік алаңы. Мұнда тәжірибе, идея, тәсіл алмасу кеңінен жүреді. Әлемнің әр түкпірінен келген әріптестермен танысу, халықаралық мамандардың назарына түсу – бұл шығармашылық өсудің маңызды қадамы. Осы тұрғыдан алғанда, «Avignon OFF» – тек өнер мерекесі емес, заманауи театрдың тірі ағзасы іспетті, үнемі дамып, жаңарып отыратын ерекше құбылыс.


– Сіздер қандай қойылыммен қатысып жатырсыздар және оны таңдаудың себебі қандай?


– Біз «Avignon OFF» фестиваліне Уильям Шекспирдің әйгілі «Ромео мен Джульетта» трагедиясының ерекше интерпретациясымен – қуыршақ театры форматындағы қойылыммен қатысып жатырмыз. Бұл туындыны таңдауымыздың бірнеше себебі бар. Ең алдымен, бұл – әлемдік классика.

Шекспирдің шығармашылығы шекара мен тіл талғамайды, кез келген көрерменге жақын әрі түсінікті. Ал «Ромео мен Джульетта» – махаббат пен қақтығыстың, нәзіктік пен трагедияның символына айналған қойылым. Біз бұл классикалық шығарманы қуыршақ өнерінің ерекше құралдары арқылы жаңаша сөйлеттік. Сахнадағы визуалды тіл, пластика, жарық пен музыка – барлығы бірігіп, көрерменге эмоциялық тұрғыдан терең әсер ететін спектакльге айналды. Бұл – тек махаббат туралы емес, ұрпақтар арасындағы түсініспеушілік, қоғамдағы қатігездік пен ішкі еркіндік жайлы да ой қозғайтын қойылым. Біздің мақсатымыз – дәстүрлі форманы жаңаша пайымдап, қуыршақ театрының мүмкіндіктерін халықаралық аудиторияға кеңінен көрсету. Осы арқылы ұлттық қуыршақ  театры мектебінің жаңашылдығын және кәсіби деңгейін паш еткіміз келеді.


– Фестивальге дайындық қалай өтті? Қандай қиындықтар болды?


– Фестивальге дайындық – үлкен шығармашылық әрі ұйымдастырушылық жұмысты талап етті. Біз бұл қойылымды халықаралық аудиторияға бейімдеп, әрбір көркемдік шешімді қайта қарадық: сахналық пластика, жарық, музыка, аудармалық бейнемәтін – барлығы шетелдік көрерменге түсінікті әрі әсерлі болуы керек еді.

Ең үлкен сынақ – техникалық мүмкіндіктер мен қойылымның халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз ету болды. Себебі шетелдік алаң – біз үйреніп қалған сахна емес, ондағы акустика, кеңістік, сахна форматы – бәрі өзгеше. Ұжымдық тұрғыда да үлкен күш жұмсалуда. Актерлеріміз қойылымның эмоциялық жүгін қуыршақ арқылы жеткізу шеберлігін шыңдады. Сонымен қатар, логистика, виза, тасымалдау сынды ұйымдастырушылық мәселелер де аз болмады. Бірақ ұжымның бірлігі мен кәсібилігінің арқасында барлық қиындықтарды еңсеріп, дайындықты сәтті аяқтадық. Бұл – біз үшін үлкен тәжірибе мектебі. Енді сахнаға сеніммен шығып, еліміздің намысын абыроймен қорғауға дайынбыз.


Фото: Қуыршақ театрының баспасөз қызметі


– Қойылымда қанша адам жұмыс істеді? Әрқайсысының рөлі қандай?


–  «Ромео мен Джульетта» қойылымы – шығармашылық ұжымның бірлесе атқарған еңбегінің жемісі. Бұл жобаға жалпы оннан астам маман тартылды, олардың әрқайсысының атқарған рөлі ерекше маңызды болды. Режиссері – Дина Жұмабаева.

Қойылымда қуыршақтарды жүргізетін негізгі артистеріміз – театрдың тәжірибелі әрі талантты актерлері: Мақсат Камалов, Арайлым Байырбекова, Шохан Құлназаров және Гүлназ Әбсаттар. Олар әр кейіпкердің мінезін, эмоциясын, ішкі күйін қуыршақ пластикасы арқылы шебер жеткізеді. Сонымен қатар, қойылымда тірі план да маңызды рөл атқарады. Ромео мен Джульеттаны театр актерлері Ұлан Асанбек пен Ұлпан Серік сахнада сомдайды. Олардың драмалық ойыны мен қуыршақтардың синхронды қозғалысы қойылымның көркемдік ерекшелігін арттырып, көрерменге терең әсер қалдырады. Бұдан бөлек, сахналық шешім, жарық, музыка, хореограф  пен костюм дизайны бойынша жұмыс істеген техникалық және шығармашылық топ мүшелерінің де еңбегі зор. Бұл – бір адамның емес, біртұтас шығармашылық ұжымның ортақ жұмысы.


– Сахналық образдарды, қуыршақтарды жасау барысында қандай идеялар басшылыққа алынды?


– Сахналық бейнелер мен қуыршақтарды жасау барысында біз бірнеше негізгі идеяға сүйендік. Ең алдымен, мақсатымыз – классикалық шығарманың рухын сақтай отырып, оны қазіргі заман көрерменіне жақын әрі жаңаша формада ұсыну болды. Қуыршақтардың бейнесі символикалық әрі мінезге бай етіп жасалды. Әр кейіпкердің ішкі әлемі, пластикасы, қозғалысы, түс гаммасы арқылы көрініс табады. Сценографиялық шешімдерде минимализм мен метафораға басымдық берілді. Бұл көрерменнің қиялына ерік беріп, басты назарды кейіпкерлердің сезіміне, ішкі драмасына аударуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қуыршақ пен тірі актердің өзара қарым-қатынасы – сахнаның басты көркемдік тілінің біріне айналды. Біз үшін басты бағдар – көрерменмен шынайы эмоциялық байланыс орнату, ал сахналық форма – сол мақсатқа жеткізер құрал болды.


– Әңгімеңізге рақмет!


Сұқбаттасқан

Ақбота Мұсабекқызы