«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асыру жөніндегі пәрмен берілгелі мына жұрттан маза кетті. Бірі қалай қатысарын білмей дал болса, ендігісі «жаңа есім» іздеп шарқ ұрып жүр. Халықтан маза кеткен соң, бізде тыныштық бола ма?.. Мәселенің мән-жайын өзге емес, өз адамдарынан білейік деп «Бюро-100» белсенді азаматтар штабының мүшесі Әлкей МАРҒҰЛАНҰЛЫН сөзге тартып көрген едік.
– Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетінің сәуір айындағы санында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтты: «Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен,осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр». «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының халыққа, қоғамға, қала берді билікке берері не?
– Сұрағыңызға рахмет! Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы қоғамымыздағы қордаланған рухани, мәдени және қазақ халқының тарихи миссиясына қатысты концептуалды көзқарас қана емес, сонымен қатар жүйелі әрі ауқымды бағдарлама. 25 жылдық тәуелсіздік уақытында біздің қоғамда тәуелсіз ойлай алатын, сындарлы пікір қалыптастыра білетін, сонымен қатар еліміздің әр саласына өзінің үлесін қосып жатқан жаңа ұрпақ қалыптасты. Одан бөлек тәжірибесі қомақты аға буынның да өскелең ұрпаққа беретінін де ерекше ескерген жөн. Осы тұста ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында, еліміздегі үлгі болар азаматтардың ісі мен олардың тағдырларын кеңінен насихаттау ниетінде “100 жаңа есім” жобасы пайда болды. «100 жаңа есім» – ол әр алуан тағдыры өзгеге үлгі болатын, өзінің тұлғалық қасиеттері мен кәсіби шеберлігі арқылы қоршаған ортасына өзінің пайдасын тигізіп жатқан, бізді қоршап жатқан абзал жандар. Олар біз білетін ұстаз, дәрігер, ғалым, өнер саласының майталманы, мықты менеджер, мықты спортсмен және тағы да өзге кәсіп иелері. Аталмыш жобаның халыққа берер тәрбиелік мәні орасан зор. Қоғамға берері – бірінші кезекте азаматтарымыздың тұлғалық жетістіктерін жеткізе отырып, үлгілі болудың жаңа моделін қалыптастыру.
– «100 жаңа есімді» анықтап, іріктеуге қоғамдық кеңес құру кімнің идеясы?
– Бастама, тек ой деңгейінде емес, оны іс жүзінде жүзеге асыру – оны атқаратын органмен орындалады. Сол себепті кандидатуралардың тағдырын қарайтын қоғамдық кеңестің құрылуы, қоғамда кеңінен насихаттау әрі еліміздің әр бұрышында дұрыс әрі кеңінен насихатталған жұмысты жүргізу мақсатында Бюро құрылып отыр. Бұл органдардың барлығы бастамашыл топтың идеясы.
– Үздіктерді таңдау кезінде қандай шарттарға сүйенесіздер? Мәселен, мен үміткер бола аламын ба? Жалпы, бұл жобаға кімнің, қалай қатыса алатыны жайлы қарапайым ереже құрастырған жөн секілді.
– Сұрағыңыз орынды. Бірінші кезекте, жобаға кез келген, еліміздің әр азаматы қатыса алады. Қатысуға шектеу жоқ. Әр адамның тағдыры өзіндік ерекшеліктерімен, өзінің қайталанбас бояуларымен құнды. Сол себепті әр адам лайықты деп тапқан кандидатураларын www.el.kz сайты арқылы ұсына алады. Қазіргі уақытта жұмыс органы ретінде “Бюро 100” белсенді азаматтар штабы жасақталған. Аталмыш орган бастаманың кеңінен насихатталуына, оның негізгі миссиясының халыққа дұрыс жеткізілуіне мүдделі. Ал лайықты әрі еліміздің жүз есімінің бірі бола алатын азаматтарды таңдау “100 жаңа есім” бастамасының сарапшылар кеңесінің шеңберінде таңдалып, халықтың назарына ұсынылатынын атап өткім келеді. Яғни бастама белгілі ереже мен еліміздің дамуына үлес қосып жатқан тұлғалардың да пікірімен өлшенеді.
– Елбасы бастамасының астарынан замандастарымыздың жетістіктеріне назар аударудан басқа нені байқай аламыз? Саяси тұрғыдан алғанда...
– Әрине, қоғамды біріктіру жолында идеологиялық құрал ретінде – мотивациялық жоба ретінде әрі жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың жетістіктерін адам тағдыры арқылы көрсете білу де мемлекеттік биліктің өз мақсатында екенін айтпай-ақ түсінікті екендігін бәрі біледі. Мемлекет – азаматтар мен қоғамның шеңберінде ғана өмір сүре алады. Яғни өз азаматтарын бағалай білмеген әрі қоғамдағы өзгерістерді дұрыс түсінбеген мемлекеттік аппарат халықтан алшақтайтыны белгілі. Сол себепті бұл тұста мен аталған жобаны саяси жоба ретінде емес, керісінше азаматтық қоғамды қалыптастыруға бастама алған жаңа платформалық бағдарлама деп ойлаймын. Қоғамдағы орын алып жатқан барлық бастамалардың астарында саясат бола бермейді.
– Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы ретінде мынаған жауап беріңізші: осы тектес бағдарламалар өзге елдерде бар ма? Болса, қай мемлекеттерде?
– Иә, міндетті түрде. Маған Америка Құрама Штаттарының өз азаматтарының тағдырларын насихаттау арқылы қоғамда әр саланың көшбасшыларын тәрбиелеп жатқандығы ұнайды. Жыл сайын Time және Fortune журналдары Американы өзгертіп жатқан ықпалды азаматтарды жариялап отырады. Тізімді қарасаңыз, ақпараттық технологиялар, биомедицина, сауда, жаңа технологиялар салаларына үлес қосып жатқан жас азаматтарды көремін. Марк Цукерберг, Илон Маск, Билл Гейтс, Опра Уинфри және өзге де тұлғалар өз азаматтарын білімді болуға, еңбекқор болуға тәрбиелеп жатыр. Әрине, Америка өзге ел, біз өзге ел деп айтатын пікірлер де болатыны анық. Бірақ ниеті мен негізгі идеясы таза біздің де бастамамыз осыған ұқсас мақсатты көздейді.
– «Жүздікті» анықтауда «Бюро-100» қоғамдық кеңесінің шешімі немесе пікірі қаншалықты өтімді?
– “Бюро-100” қоғамдық кеңесіне апта сайын тағдырлары өнегелі азаматтардың ұсыныстары түскен кезде, аталмыш тұлғаларымыздың бәрінің лайықты екенін түсінеміз. Сол себепті біз көбінде жұмыс органы ретінде бастаманың әділ өтуіне мүдделіміз. Оның ішінде, әрине, өзіміздің де пікірмен бөлісіп отыруды дұрыс деп ойлаймын.
– Бұл бастама біздің осы уақытқа дейін еліміздің өркендеуіне үлес қосқан азаматтарымызды бағаламай жүргенімізді көрсететін секілді. Сізге қалай?
– Әрбір бастаманың қалыптасуының екі тұсы болады. Әрине, сынауға да болады, бірақ мүмкіндіктерді қарастырайық. Менің ойымша, азаматтарымызды бағаламау деген ұғымның өзін ойластырып алған жөн. Себебі қазіргі заманда адамның өмірде үлкен жетістіктерге қол жеткізуі тек қана мемлекеттің ғана емес, бірінші кезекте азаматымыздың өз қолында екенін түсінген жөн. Егер осы ой пайымынан пікір тарқатсақ, қазір түсіп жатқан азаматтардың тағдырын оқи отырып, бір ойды айтқым келеді: мемлекеттің ұсынған мүмкіндіктерін пайдалана отырып, бірақ сонымен қатар өзінің мақсаттарын ұмытпаған азамат екендігіне көзім жетті.
– «Бюро-100» қоғамдық ұйымында нендей жаңалықтар бар? «Жүздікке» енеді-ау деген үміткерлер бар ма? Нақты кімдер?
– Жаңалықтар өте көп. Қоғамдық ұйымның белсенді мүшелері БАҚ арқылы, цифрлық байланыс құралдары арқылы және өткізіліп жатқан шаралардан таса қалып жатқан жоқ. Сонымен қатар жергілікті жерлерге шығып тұру практикасы да қалыптасты. Барлық жаңалықтарды әлеуметтік желідегі қоғамдық белсенділердің профильдері мен www.el.kz сайты арқылы біліп отырсаңыздар болады.
– Аталған жоба алдағы жылдары жалғасын табуы мүмкін бе?
– Бірінші кезекте, мемлекеттің негізгі байлығы – адам екенін ерекше атап өткім келеді. Тек сапалы: дені сау, білімі мықты, адамгершілік, моральдік қасиеттері қалыптасқан адами ресурс қана орнықты әрі сапалы дамудың фундаменті бола алады. “100 жаңа есім” жобасы уақыт өте келе жүз жаңа мың есім секілді үлкен бастамалармен де жалғасатынына сенімім мол. Себебі біздің қоғам өзінің мықты азаматтарына әрдайым қолдау жасауы керек.
– «100 жаңа есімді» халықтың тануы һәм жадында жаттап алуы үшін қандай қадамдарға баруымыз қажет немесе кім, не істеу керек?
– Өнегелі азаматтың біздің қоғамда болуы әрі оны кеңінен насихатталуы – өсіп келе жатқан жас өркендерге мотивация болары анық. Себебі адамның күні адаммен деп халқымызда жай айтылмайды. Кей кездері адамның мықты спортсмен, мәшһүр ғалым, өте талантты кәсіп иесі болуына өмірлерінде кездескен адамдардың тағдыры немесе олардың ақылдары әсер етеді. Айқын мысал ретінде, ерекше дарынды әншіміз Димаш Құдайбергенді атап өтелік. Бір ғана мысал, бір адамның тағдыры – бірақ қаншама азаматтарға рух бергенін айтып өтсе болады. Ал біз білетін, әрі біз білмейтін азаматтарымыз қаншама. Сол себепті болашақта таңдалып алынатын жүз жаңа есімді халқымыз тек қана естіп қана қоймай, уақыт өте келе олардың жетістіктері еліміздің сапалы дамуына қосып жатқан үлестері арқылы да көрініс табады деп сенемін.
- Рахмет! Іске сәт!
Сұхбаттасқан: Маржан Әбіш,