«Nur Otan» Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жетекшісі Әлия Садырбаева елдегі соңғы жағдайларға қатысты пікірін білдірді. Ол бейбіт түрде басталған митингтің жаппай тәртіпсіздікке ұласқанын бұқаралық ақпарат құралдарынан естіген.
«Бастапқыда алаңға шегінер жері жоқ адамдардың шыққаны белгілі. Олардың көздегені бір-ақ нәрсе болды – биліктің өздеріне құлақ асуы. Бәрімізге кейін мәлім болғандай, адамдардың жаппай алаңға шығуына газ бағасының күрт қымбаттауы түрткі болды. Ал біздің партиямыз – «Nur Otan» өткен жыл ішінде Мамин үкіметіне бірнеше рет халық үшін басты маңызды мәселелер – бірінші кезекте қажет азық-түлік бағасының, тарифтердің өсуі, оның ішінде Жаңаөзендегі сұйылтылған газ бағасының өсуі екенін ескерткен болатын», - деп жазды Әлия Садырбаева өзінің Facebook желісіндегі парақшасында.
Оның айтуынша, партия жыл бойы елдегі қоғамдық-саяси ахуалға жүйелі түрде мониторинг жасап, оның нәтижелері туралы уәкілетті органдарды хабардар еткен. Қоғамдағы көңіл-күйдің өзгеру үрдісі наразылық деңгейінің тұрақты түрде арта түскенін көрсеткен. Дегенмен, үкімет бұл ұсынымдарды елеусіз қалдырған.
Жаппай бейберекетсіздік кезінде қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметкерлері өз орындарында болып, жұмыстарын тоқтатқан емес. Біз оқиғаның барысын жіті қадағалап, бізге жүгінген жандардың барлығына қолұшын бердік, дейді Әлия Садырбаева.
Партияға 1 қаңтардан бастап 1771 адам жүгінсе, оның 535-і тәулік бойы жұмыс істейтін «111 шұғыл қызмет» байланыс орталығына хабарласқан.
«Біреуге ұнасын, ұнамасын, адамдар өз проблемасымен билеуші партияға жүгінуде. Біздің партиямыз оларға нақты көмектесіп отыр!», деген партия өкілі қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметкерлері жыл сайын орта есеппен 200 мыңнан астам азаматпен кездесіп, күрделі мәселелермен келетін мыңдаған азаматтарға көмек көрсететін баса атап өтті.