«Әліппе» және «Букварь» мектептерге қайта оралады. Бұл туралы «Білім және ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» тақырыбындағы педагогтердің Республикалық тамыз конференциясының пленарлық сессиясында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Министрдің айтуынша, жаңа оқу жылындағы жаңалықтардың бірі - «Әліппе» және «Букварь» оқулықтарының мектеп бағдарламасына қайта оралуы.
«1 қыркүйекте өтетін салтанатты іс-шарада мектеп табалдырығын алғаш аттаған барлық бірінші сынып оқушысына «Әліппе» бірінші оқулығы ретінде беріледі. Бұл оқулық Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі бойынша жасалған. Осыға бағытта біздің әдіскерлер мен ғалымдар ауқымды жұмыстарды атқарды», - деді Асқар Аймағамбетов.
«Әліппе» және «Букварь» оқулықтары мазмұны жағынан бірдей және бірінші сынып оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып жасалған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 1 қыркүйекте болатын Білім күні салтанатты іс-шарасы дәстүрлі форматта, яғни мектеп аумағында 1-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылады.
Оларға салтанатты түрде алғашқы оқулығы Әліппе табысталады. Ал 2 мен 11-сынып оқушылары тікелей бекітілген кабинеттерге барып, сонда тақырыптық сынып сағаттарына қатысатын болады.
