Биыл да борышкерден алиментті жылжымайтын мүлік немесе көлік есебінен өндіріп алу жалғасады. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Шынымен де, 2020 жылы алимент бойынша борышты жылжымайтын мүлік және көлік арқылы өндіріп алу көрсеткіші 2 есе, кейбір көрсеткіш бойынша 2,5 есеге дейін өсті. Неліктен мұндай жағдай орын алды? Өйткені, 2019 жылы бірқатар іс-шара қабылдадық. Сол іс-шаралар өткен жылы аталған көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. 2019 жылы Әділет министрлігі, Жеке сот орындаушылары палатасы және облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктерімен үшжақты меморандумға қол қойылды. Аталған меморандумда негізгі екі бағыт бойынша белсенді түрде ынтымақтастықты жолға қоюға уағдаластық. Біріншісі - борышкерлердің құрылғыларын анықтау, екіншісі – оларды жауапкершілікке тарту», - деді министр онлайн баспасөз мәслихаты барысында.
Оның атап өтуінше, борышкерлерді тауып, оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін ішкі істер органдарының үлкен қолдауы қажет. Міне, осы тұрғыда әкімдіктер әділет органдарына жан-жақты қолдау көрсетті.
«Бізде борышкерлерден борыншы өндіріп алумен қатар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту көрсеткіші де артты. Бұл ақпараттарды біз БАҚ-та жариялап отырдық. Мәселен, өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында борышкерден су жаңа Тойота Прадо көлігі берешек үшін өндіріп алынды. Бұл жұмыс жалғасын табады және басымдық саналады», - деді Марат Бекетаев.
Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылы алимент төлеуден жалтарғандардан 76 пәтер мен 62 көлік өндіріп алынған болатын.