28 сәу, 2020 сағат 09:36

Әлихан Смайылов өңірлерде ашылатын көтерме-сауда орталықтарының міндеттерін атады

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов өңірлерде ашылатын көтерме-сауда орталықтарына жүктелетін міндеттерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Үкімет алдында тұрған маңызды міндет. Ол қазіргі күрделі уақытта мемлекеттің өзін-өзі қамтамасыз ету мәселелері шиеленіскен кезде ерекше өзекті болып отыр. Тәуелсіздігіміз басталғалы бері жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау бойынша қуаттардың жетіспеу проблемасы тұр. Олардың тапшылығы бүгін де шамамен 70 пайызды немесе 4,7 млн тоннаны құрайды. Жыл сайын маусымаралық уақытта жеміс-жидек пен көкөністердің бағасы өсуде. Бұл – инфляциялық процестердің катализаторы», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары осыған байланысты көтерме-тарату орталықтарының желісін құру сияқты маңызды инфрақұрылымдық жобаны іске асыру – басты мәселеге айналған.

«Мұндай желілерді құру – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін төмен бағамен жинап-сақтауды, содан кейін жыл бойы нарыққа шығаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бір жағынан бұл фермерлерге өз өнімін толық сатуға жол ашады. Ал екінші жағынан нарықты отандық өніммен толтырып, бағаның өсуін тежейді. Жобаны бастау үшін бірінші кезекте республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі қаралады. Сонымен қатар Сауда және интеграция министрлігі, әкімдер жобаны іске асыру үшін инвесторларды тарта отырып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін пысықтауы тиіс», - деді Әлихан Смайылов.

Айта кетсек, Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов биыл Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында ауыл шаруашылығы тауарларын сақтауға арналған 5 көтерме-тарату орталығын салу көзделіп отырғанын мәлім еткен еді. Үкімет басшысы тарапынан бұл жұмыс қолдау тапты.