31 қаң, 2022 сағат 18:11

Әлихан Смайылов Қытай елшісімен кездесті


ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚХР-дың ҚР-дағы елшісі Чжан Сяомен кездесті. Бұл туралы primerminister.kz сайты хабарлады.

Сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, АӨК, «жасыл экономиканы» дамыту, цифрландыру, трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану және т. б. салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Қытайға Қазақстаннан экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайту, сондай-ақ шекара маңындағы өзара іс-қимылды одан әрі арттыру перспективаларына ерекше назар аударылды. 

Премьер-Министр жеткізу тізбегін қалпына келтіру, Қазақстан – Қытай шекарасындағы барлық автомобиль және теміржол өткізу пункттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, сонымен қатар ҚР мен ҚХР арасындағы тікелей әуе қатынасын қалпына келтіру қажеттілігін атап өтті. 

«Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын «қайта қарау» және сыртқы басты серіктестермен, соның ішінде Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде алдымызға бірқатар міндет қойды», — деді Смайылов. 

Чжан Сяо Қазақстанмен ынтымақтастық Қытайдың сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. ҚХР Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала береді және қажетті қолдау мен жәрдем көрсетуге дайын.

Қытай — Қазақстанның ірі сыртқы сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі. 2021 жылдың 11 айында екіжақты сауда көлемі $17 млрд-тан асып, 13,6%-ға өсті.