Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Таулы Қарабақтағы жағдай бойынша келіссөздер жүргізу үшін Мәскеуге келуге дайын екендіктерін білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
«Таулы Қарабақ қақтығысы тек бейбіт жолмен шешілуі керек, бұл – біздің ұстанымымыз. Өкінішке орай, Әзербайжан бұл көзқараспен келіспейді.
Мен осындай нәтижеге жету үшін баруға, кездесуге, сөйлесуге бар күш-жігерімді жұмсауға дайынмын», - деді Арменияның премьері ТАСС агенттігіне берген сұхбатында.
«Егер екінші тарап дайын болмаса, біз халқымыздың, Таулы Қарабақтағы отандастарымыздың құқықтары үшін соңына дейін күресуге дайынбыз. Менің ойымша, бұл – Армения үкіметінің, Армения халқының, армян диаспорасының ұстанымы, бұл – адал және сындарлы ұстаным», - деп жалғастырды сөзін Пашинян.
Әлиев ТАСС-қа берген сұхбатында Баку өкілдерінің Мәскеудегі армян тарапымен келіссөздерге дайын екенін мәлімдеді.
«Біз қашан да теке-тіресті тоқтатып, реттеу жолдарын табу үшін Мәскеуде және қай жерде болмасын, кездесуге дайынбыз», - деді Әлиев.
Сонымен бірге Әзербайжан басшысы Бакуде «кез келген байланысқа дайын» екенін айтты.
«Бұл жағдайда мен мұндай шақыртуды алмадым, сондықтан бұл маған қатысты сұрақ емес. Ресей президенті Владимир Путиннің өзі бірнеше рет және оның алдында Дмитрий Медведев Әзербайжан мен Армения басшылары арасында үш жақты кездесулер өткізді. Бірақ Армениядағы билік шартты түрде «Соростың» қолына өткеннен кейін мұндай байланыстар тоқтады», - деп түсіндірді Әлиев.