Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» мәртебесі берілді.
Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаевтың сенат отырысында сөйлеген сөзін оқырман назарына ұсынамыз.
***
Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы!
Құрметті әріптестер!
Біз қарап, талқылап отырған мәселе жай ғана ағымдағы мәселе емес. Бүгінгі қабылданатын шешім ҚР Парламенті Сенатының қабырғасында қабылданған тарихи және маңызды шешімдердің бірі де бірегейі болмақ.
«Құрметті Сенатор» мәртебесін беру заманауи Қазақстанның негізін қалаушы, қос палаталы Қазақстан Парламентаризмінің негізін салған және оның дамуына теңдессіз үлес қосқан, еліміздің бірлігі мен ынтымағын қамтамасыз ете отырып, стратегиялық даму бағдарын айқындаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сіңірген тарихи еңбегін мойындаудың тағы да бір белгісі болып табылады.
Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары өте қиын өтпелі кезеңнен өтті. Қазақстанның дербес мемлекет болып кететініне күмән келтіргендер де аз болған жоқ. Заманауи мемлекет құрудың бар ауыртпашылығын да, жауапкершілігін де өз мойнына алған Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Сол кездегі басынан өткен қиындықтарды тек Елбасының өзі ғана біледі. Біз біле бермейміз, бірақ сезінеміз.
Қаншама саяси текетірестер, экономикалық қасарыстар болып жатты. Аяқтан шалу мен кедергілер де аз болған жоқ. Соның барлығына төтеп берген де, қиыннан қиыстыра жол тапқан да Қазақстанның Тұңғыш Президенті еді.
Сондай текетірес жағдайында Қазақстанның Конституциясы қабылданып, екі Палаталы Парламенті құрылды, қаншама заңдар, ел экономикасын көтеру жолында қаншама маңызды шешімдер қабылданды, биік белестер бағындырылды.
Басқаны айтпағанда, Кеңестер одағынан бөлінген тәуелсіз мемлекетттер арасында жалғыз Қазақстан ғана өзінің шекарасын халықаралық деңгейде толық заңдастырып алды. Орта Азия елдерінен бөлек, көршілес Ресей арасындағы 7 800 шақырым, Қытай Халық Республикасымен арадағы 1 800 шақырым шекараның бекітілуін қазақ халқы үшін, Тәуелсіз Қазақстан үшін баға жетпес тарихи жеңіс деп те айтуға болады. Бұның барлығы Елбасының үлкен ерік-жігері мен дипломатиялық көрегендігінің, көрші елдер басшыларымен жасаған адами қарым-қатынасының, достық қасиетінің арқасы.
Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаевтың – бүткіл әлем мойындаған қайраткер екендігіне ешкімнің күмәні жоқ. Алпауыт мемлекеттер басшыларының біздің Елбасыны, алақандарына салып, төбесіне көтеруі бүткіл қазақ халқына, тәуелсіз Қазақстанға көрсетілген құрмет деп есептеуіміз керек. Жақында ғана Тұңғыш Президеніміздің Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзипиньнің арнайы шақыртуымен барып, 37 мемлекет басшылары, 10 000-нан астам делегат қатысқан «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумының төрінде отырғанын, Қытай мемлекетінің ең жоғарғы марапаты «Достық» орденіне салтанатты түрде ие болғанын көріп бәріміз де марқайып, мәртебеміз көтерілді.
Түркі кеңесі мемлекеттері көшбасшыларының қабылдаған шешіміне сәйкес, түркі әлемі елдерін дамытуға зор үлес қосқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің ғұмыр бойғы Құрметті төрағасы мәртебесі берілгенін де қазақстандықтар зор қуанышпен қабылдады.
Кеше ғана Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының шешімімен біздің Елбасыға Еуразиялық одақ жоғарғы кеңесінің құрметті төрағасы мәртебесінің берілуі де біздің елге, еліміздің тұңғыш басшысына көрсетілген зор құрмет екендігіне дау жоқ.
Құрметтеп қана қоймай, Нұрсұлтан Назарбаевтың мол тәжірибесін, абыройы мен беделін, ақылы мен кеңесін, көрегендігі мен кемеңгерлігін осы халықаралық ұйымдар пайдаланатындығын да жасырып отырған жоқ.
Осының барлығы нені көрсетеді? Ең бірінші Қазақстан Республикасының әлемдік геосаясаттағы алған мәртебелі орнын көрсетеді.
Бұл - біздің еліміздің дәрежесі биік, абыройы жоғары, алпауыттармен терезесі тең мемлекет болғандығының белгісі.
Елін сүйген, елі сенген Елбасының, әлем мойындаған, әлем құрметтеген абызға айналуы біздің халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан тектілігінің, Ұлы дала ұрпақтарының ананың сүтімен, атаның қанымен сіңген ерекше қасиетінің бір көрінісі деп те айтуға болады. Текті елде ғана текті ұл туады. Текті ұлын төбеге көтеріп ту еткен ел ғана өзінің тектілігін жоғалтпайтыны да тарихтан белгілі.
Сондықтан да Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бүткіл дүниежүзі бас иіп, құрмет көрсетіп отырғанда біздің бүгінгі қабылдайтын шешіміміз теңізге тамған тамшыдай ғана екендігі анық. Бірақ Елбасыға «Құрметті Сенатор» мәртебесінің берілуі ҚР Парламенті Сенатының абыройын асырып, біздің барлығымызға, Сенат депутаттарына қосымша жауапкершілік жүктейтіні даусыз.
Сондықтан да ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысын толық қолдай отырып, әріптестерімді де осы шешімнің жобасын бірауыздан қолдауға шақырамын.
Рахмет!
Әли Бектаев
2019 жыл, 30 мамыр