Бүгін №110 сайлау учаскесінде сайлауға алғаш рет қатысатын 18 жастағы бозбалалар мен бойжеткендер дауыс берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Сайлауға жауапкершілікпен қарайтын жастар «Қазақстан темір жолы» компаниясының ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне басқа тұрғындармен бірге келген. Дауыс бергеннен кейін оларға сыйлықтар берілді.
«Тұңғыш рет дауыс берушілер, сондай-ақ 9 маусымда туған күнін тойлайтын жұртқа бұл сәттің маңыздылығын атап өту үшін естелік сыйлықтар әзірледік. Олардың арасында футболка, кепка, кітаптар секілді заттар бар. Сайлау учаскесінде алғаш рет дауыс беретін 50-ден астам жас тіркелген», - деді № 110 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Дархан Матаев.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті Аслан Асқардың туған күні Президент сайлауына тұспа-тұс келді. Ол бүгін осындай маңызды іс-шараға алғаш рет қатысып қана қоймай, 18 жасын тойлайды.
«Әрбір патриот өз елінің болашағына жауапты. Сайлауда алғаш рет дауыс бердім, бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Алға қойған мақсаттарыма қол жеткізу үшін жарқын болашағыма алаңдаулымын. Ал біз секілді алғаш рет дауыс берген жастарға арнайы тосын сый жасалды. Мұндай сыйлықтарды алу өте жақсы, бұл бәріміздің есімізде мәңгі қалады», - деп атап өтті Аслан Асқар.
Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің студенті Жәңгір Ниязбеков өз құрдасының пікірін толық қолдайды.
«Мен сайлауда алғаш рет дауыс беріп тұрмын. Әрбір адам елдің болашағы үшін дауыс беруі керек», - дейді Жәңгір Ниязбеков.
Жастар елорданың барлық тұрғынын сайлау учаскелеріне келіп, азаматтық борышын өтеуге шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, сайлау учаскелері өз жұмысын сағат 20.00-де аяқтайды.