Скриншот: Қасым Аманжол фейсбук парақшасынан
Treads әлеуметтік желісінде қолданушы Азаттық радиосының тв-продюсері Қасым Аманжол атымен тіркелген бәз біреу сталкерлік жасағанына шағымданған жазба жариялады. Жазба көпшіліктің назарын бұрып, ондаған адам пікір қалтырды. Белгілі журналист Қасым Аманжол осымен екінші рет өзіне жала жабылып, кәсіби қызметіне байланысты ашық түрде арандату жасалды деп бағалады. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.
"Жарты айдағы екі жала. Түнде ұйықтап бара жатып, беймезгіл қоңыраудан ояндым. Алаңдаған іні-қарындастар екен. Threads деген желіде менің атымнан біреуге хат кетіп, ол адам менің суретімді қойып, түрлі сөздер жазып, балағаттап жатыр екен. Түкті түсінбей, ол желіні қалай ашатынын да білмейді екенмін, парольдерімді ауыстырып, Meta-ға арыз жазып, әбден әуре болдым.
Осылайша әлеуметтік желідегі провокацияға соңғы жарты айда екінші рет тап болдым.
Біріншісінде, қазанның басында - бірнеше әріптес, экс-әріптеспен қатар көрсетіп, "Азаттық тілшілері аз жалақы алып жүргенде Бюро басшысының Алматыда 950 мың долларлық үйі бар" деп тик-ток, инста, сосын шындық.кз деген жерлерге шуылдатқан еді.
Екі жарияланым да - жала. Провакация. Мен мұны адами ар-намысымды таптау үшін кәсіби қызметіме байланысты ашық түрде жасалған арандату деп санаймын", - деп мәлімдеді Қ. Аманжол өзінің фейсбук парақшасында.
Айта кетейік бұған дейін ол Treads, Instagram, Whatsapp парақтарына шабуыл болып жатқанын айтып, спам, түсініксіз хаттар, тіпті аудио тарағанын хабарлаған.
"Сақ болыңыздар, сеніп қалмаңыздар. Meta әкімшілігіне шағымданып жатырмын", - деген журналист.
