4 сәуір күні өткен Сенат отырысында депутат Бірғаным ӘЙТІМОВА «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар туралы сөз қозғады. Депутат сөзінің толық мәтінін оқырман назарына ұсынамыз.
***
Бүгінгі қаралып отырған Заң жобасы әлеуметтік салаға, қауіпсіздік пен инфрақұрылымға мән бере отырып, бюджет шығыстарының басымдықтарын қайта қарау арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған аса маңызды құжат болып табылады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің және Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларын, асыруға бағытталған бүгінгі қаралып отырған жобаның уақтылылығына байланысты Үкіметке ризашылығымды білдіргім келеді.
Жалпы ұсынылып отырған Заң жобасы біздің ойымызша, жеткілікті пысықталған, кіріс және шығыс бөліктері теңдестірілген және оның әлеуметтік бағыты сақталынған. Республикалық бюджеттің әлеуметтік блогына тоқталғым келеді.
Заң жобасына сәйкес, 2019 жылға арналған республикалық бюджет шығыстарын нақтылау кезінде Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік қолдау шаралары шеңберінде келесі қадамдар қарастырылған:
Бірінші: - азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдауды күшейту, оған-224 млрд. теңге көзделген:
- бұл жерде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау механизмі өзгереді, биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап алушылар саны бір жарым есеге артып, адамға 20 789 теңге беріледі;
- 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға жәрдемақы, сондай-ақ бала жасынан бірінші топтағы мүгедекке күтім жасау жөніндегі жәрдемақы мөлшері 10 395 теңгеге ұлғаяды;
Екінші: - аз қамтылған көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, оған 100 млрд.теңге бөлінеді.
Бүгінгі бюджеттен бастап, енді жыл сайын сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй негізінде аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 6 мың пәтер бөлінеді деп үлкен сеніммен айтуға болады, ал жалпы 2025 жылға дейін 42 мың пәтер беріледі, осы шараларға 350 млрд.теңге жұмсалады.
Сонымен қатар, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы әлеуметтік несиелік тұрғын үй беру кезінде басымдықты, біздің ойымыз бойынша, аз қамтылған көп балалы отбасылар иеленуі қажет.
Үшінші: «Жастар жылын» өткізу аясында 24,6 млрд.теңге, сондай-ақ 180 колледжді жаңғыртуына байланысты «Жас маман» бағдарламасын іске асыруға 8 млрд. теңге бөлінеді.
Жалпы, нақтыланған бюджет жобасына сәйкес 2019 жылға әлеуметтік салаға арналған шығыстар 323,7 млрд. теңгеге ұлғайып, 5 155,1 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде:
- әлеуметтік қамтамасыз ету және әлеуметтік көмекке 179,8 млрд. теңге; денсаулық сақтауға 74,2 млрд.теңге; білім беруге 12,5 млрд. теңге; мәдениет және спортқа 15,1 млрд. теңге қарастырылған.
Құрметті әріптестер, өздеріңізге белгілі болғандай, бюджет саласының жалақысы төмен жұмыскерлерінің және атқарушы органдардың санаттары төмен мемлекеттік қызметшілерінің жалақысын 30%-ға дейін арттыру мерзімін 2019 жылдың 1 шілдесінен 1 маусымына ауыстыру бөлігінде Президенттің тапсырмасына сәйкес көзделген 169,7 млрд. теңгеге қосымша 37 млрд. теңге бөлу қажет болып отыр. Осыған байланысты, біз Бас Комитеттің кестедегі ұсынысын қолдаймыз.
Сонымен қатар, менің ойымша, бюджетті қалыптастыру кезінде келесі маңызды жағдайлар ескерілмеген.
Біріншіден - еліміздің өңірлері бойынша әрбір азаматтың өмір сүру сапасының нақты ғылыми негізделген мемлекеттік стандарттарының болмауы.
Бұл стандарттарда өңірдегі мектептер саны, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны, ең төменгі күнкөріс деңгейі, тұтыну корзинасы және т. б. мәселелер ескерілуі тиіс.
Мұндай стандарттарды пайдалану - бюджетті қалыптастыру процесіне оң әсер ететіні сөзсіз.
Республикалық бюджеттен қосымша шығындарға қол жеткізу үшін барынша мүмкін және мүмкін емес құралдармен өңір басшыларын қаражатты сұраудан босатуға септігін тигізер еді. Қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға бағытталған орталық органдар мен өңірлердің бірлескен жұмысына көмектесер еді.
Екіншіден - ипотекалық қарыздар бойынша бастапқы жарнаны жабу үшін тұрғын үй сертификаттарын беру кезінде жергілікті атқарушы органдар қандай механизмді қолданатындығын нақты әрі сенімді білгіміз келеді.
Үшіншіден - қабылданатын бюджет түпкілікті нәтижеге нақты бағдарлануы тиіс. Бюджет шығыстарының экономикалық тиімділігін айқын білуіміз керек.
Тұтастай алғанда мен «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын толығымен қолдай отырып, әлеуметтік саланы қосымша қаржыландыру халықтың әл-ауқатының өсуіне әсер етеді және өмірлік қиын жағдайлардағы мұқтаж адамдарға, отбасыларға нақты көмек көрсетеді деп есептеймін.
Бірғаным ӘЙТІМОВА