10 нау, 2020 сағат 14:52

Әлеуметтік маңыздағы автокөлік тасымалдарын 3 жылға ҚҚС-тан босату ұсынылды

5G жаңа байланыс түрін құруға инвестициялар тарту мақсатында радиожиілік спектрін пайдаланудың төлем мөлшерлемесін 5 жылға 10 есе төмендету ұсынылды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде салық салу мәселелері заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Вице-министрдің айтуынша, әлеуметтік бағыттар бойынша тарифтердің тиімсіз болуына орай және оларды субсидиялауға қаржыландырудың жетіспеуіне байланысты тасымалдаушыларға шығын келеді. Мұндай шығындарды жабу мақсатында тұрақты әлеуметтік маңызы бар автокөлік тасымалдарын қосылған құн салығынан 3 жылға босату ұсынылады.

«Халықаралық тасымалдар үшін Салық кодексінде қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі көзделген. Алайда, іс жүзінде халықаралық тасымалдаудың бір бөлігі болып табылғанымен, жүкті су көлігіне ауыстырып тиеу кезіндегі теңіз портына дейінгі теміржол тасымалы халықаралық болып саналмайды. Теңіз көлігі арқылы транзитті дамыту үшін жағдай жасау, транзит құнын төмендету мақсатында мұндай тасымалдарды халықаралық деп тану әрі қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдану ұсынылады», - деп түсіндірді М. Тәкиев.

Бұдан бөлек, бүкіл әлемде электрондық коммерция көлемінің ұлғаюына байланысты пошталық транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында халықаралық пошта жөнелтімдері бойынша тағайындалған оператордың қызметін қосылған құн салығын төлеуден босату қарастырылып отыр.

Сонымен қатар, заң жобасында 5G жаңа байланыс түрін құруға инвестициялар тарту мақсатында радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін төлем мөлшерлемесін 5 жылға 10 есе төмендету туралы ұсыныс ескерілген.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

Құжат аясында жеке тұлғалардың мүлкі мен жеріне салынатын төлемдерді бір салыққа біріктіру ескерілген.

Мұнымен қоса, көлік құралдары салығын төлеу мерзімін ауыстыру ұсынылды.