Франция жұмыс орнында маска тағуды міндеттеуде, Оңтүстік Корея бұқаралық шараларға қайта тыйым салуда, Австралияда круиздік лайнер айналасында дау туындап келеді, Латын Америкада халық карантин талаптарын сақтамай отыр, – деп жазады коронавирусқа қатысты әлемдегі ахуал жөнінде ВВС агенттігі.
Тедрос Гебрейесус: Бірге ғана жеңе аламыз
COVID-19-ға қарсы вакцина әзірлеуде бірнеше ел нәтижелі жұмыс көрсетуіне орай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус ДДҰ-ға мүше барлық мемлекеттің үкіметіне хат жолдап, келешекте пайда болатын бұл вакциналармен өз халқын ғана емес, оған мұқтаждардың барлығын қамтамасыз етуге үндеді.
«Бізге «вакциналық ұлтшылдықты» доғару қажет. Жаһандық стратегия әрбір мемлекеттің ұлттық мүддесіне бір мезгілде жауап береді. Барлығы қауіпсіз болмайынша, ешкім өзін қауіпсіз сезіне алмайды», - делінген құжатта.
Франция жұмыс орнында маска тағуды міндеттеуде
1 қыркүйектен бастап Францияда бір адамнан артық отыратын барлық жабық мекемелерде масканы тағып жүру талабы енгізілді. Еңбек министрі Элизабет Борнның айтуынша, ел үкіметі мұндай шешімге кәсіподақтармен кеңескеннен кейін келген.
Оңтүстік Корея бұқаралық шараларға қайта шектеу енгізуде
Сеулде және оған жақын орналасқан Инчхон ірі портында жабық мекемелерде 50 адамнан көп кез келген шараны өткізуге тағы тыйым салынды, барлар мен караоке-клубтар жабылып жатыр. Коронавирусты жеңді деп есептелген бұл елде сырқаттардың саны бесінші күн қатарынан еселеп артып келеді. Сейсенбі күні 246 адам тіркелді. Кей жерлерде инфекцияның таралуына діни жиналыстар да себеп болды.
Австралияда круиздік лайнер айналасында дау-дамай туындап келеді
Бортында COVID-19-ға шалдыққан науқас болған «Руби принцесс» круиздік лайнерінің 2650-ге жуық жолаушысына 19 наурыз күні Сиднейде жағалауға түсуге және үйлеріне оралуға рұқсат берілген болатын. Алайда, жолаушылардың ешқайсысына коронавирусқа тест жасалмаған. Кейіннен олардың 1 мыңға жуығы инфекциямен ауырып, 28-і қайтыс болды. Сенаттық тексеріс анықтағандай, бұл Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының ауыл шаруашылығы, су ресурстары және қоршаған орта департаменті, денсаулық сақтау басқармасы және шекара қызметі шенеуніктерінің қателігі және келісілмеген іс-қимылының салдары болды.
Британия депрессияға түсті
Ұлттық статистика бюросы 500 мың адамның арасында өткізген сауалнама мәліметіне сәйкес, пандемия кезінде депрессия белгісі пайда болған британдықтардың саны екі есе артып, 20 пайызға жуықтаған. Адамдар ұйқы мен тәбеттің бұзылуына, өмірге қызығушылықтың жоғалғанына және енжарлыққа шағымданған. Сұрақтарға жауап бергендердің тек 3,5 пайызы ғана соңғы айларда көңіл-күйлері жоғарылағанын атап өткен. Пандемия әсіресе, жасы 40-тан төмен адамдарға, әйелдерге, кедейлер мен сырқаттарға ауыр әсер етуде. Ноттингем университетінің психиатрия профессоры Чарли Бейкердің сөзінше, халықтың көңіл-күйін медициналық диагноз ретінде емес, айналадағы жағдайға қалыпты әсер деп бағалауға болады.
Латын Америка тұрғындары карантин талаптарын сақтауға құлықсыз
Буэнос-Айрес және Аргентинаның өзге қалаларының мыңдаған тұрғыны әлеуметтік қашықтыққа қатысты өз көзқарасын таныту мақсатында дүйсенбі күні шеруге шықты. Аргентина астанасында шектеулер 20 наурызда енгізілген және минимум 30 тамызға дейін күшінде болады. Аргентинада коронавирусқа шалдыққандар саны 300 мыңға жуықтады. Олардың 90 пайызы ел астанасында анықталған. «Бүгінгі күні ең жалғыз дәру – қозғалысты барынша шектеу және адамдардың қарым-қатынасты тоқтатуы», - деді президент Альберто Фернандес. Дегенмен, көрші Бразилияда коронавирусқа шалдыққандар саны 12 есеге көп және 100 мыңнан астам адам қайтыс болды. А.Фернандестің әріптесі Жаир Болсанару коронавирусқа «қарапайы тұмау» ретінде қарайтынын айтып келеді. Бразилия вице-президенті Амилтон Моуран ВВС-ге берген сұхбатында елде шектеу шараларын енгізу нәтиже бермейтінін атап өтті. Себебі «бразилиялықтар тәртіп ұстанатындардың қатарына жатпайды».
Өзге елдерде...
Футболдан Франция чемпионатының «Олимпик» және «Сент-Этьен» арасындағы Алғашқы матчы 21 тамыздан 16 және 17 қыркүйекке ауыстырылды. Себебі марсельдік клубтың 4 ойыншысынан коронавирус анықталған.
Испанияда COVID-19-дың қайта өршуі туризм саласын жандандыруға кедергі болмақ. Дүйсенбі күні бұл елде індеттің 1833 жаңа жағдайы тіркелді. Бұл, бір ай бұрынғы көрсеткіштен 3 еседен астамға көп. Карантиндік шектеулер алынып тасталған 1 шілдеден бастап ең көп тіркелген науқастар саны жұма күні болды – 2987.
Греция желтоқсан айында еуропалық одақ бөлген квота бойынша коронавирусқа қарсы 3 млн доза вакцина алады. Оксфорд университеті және AstraZeneca фармацевтикалық компаниясы әзірлеген вакцинаны сынақтан өткізу қараша айында аяқталуы тиіс.
Ал Финляндия премьер-министрі Санна Марин жеңіл респираторлық симптомдарға байланысты өзін-өзі оқшаулап, коронавирусқа тест тапсырды. Бұл, оның соңғы уақытта тапсырған төртінші тесті.