30 там, 2020 сағат 18:07

Әлемде Covid инфекциясын жұқтырғандар саны 25 миллионнан асты

Коронавирус әлемнің 25,16 миллион тұрғынынан анықталды, бұл деректі Worldometer халықаралық еріктілер тобы келтірді.

Олардың бағалауынша, COVID-19 індетінен 846 772 адам қайтыс болып, 17,5 миллионнан астам науқас сауыққан, деп хабарлайды Deutsche Welle телерадиокомпаниясы.

Соңғы уақытта Батыс Еуропада ауру жұқтырғандар саны артты, бұл тұрғындардың демалыстан оралуымен байланысты. Көптеген ел инфекцияны тежеу шараларын тағы да қатаңдатуға мәжбүр. Осылайша, Германияда кем дегенде, жыл соңына дейін ірі шараларға тыйым салынды. Ал Мажарстан 1 қыркүйектен бастап ЕО мемлекеттерінің алғашқысы болып шетелдіктер үшін шекараны қайтадан жабады. Бұл шектеу шарасы бір айға созылады. 

Бұған дейін Украина да шетелдіктерге бір ай мерзімге шекараны жапқан еді. Онда 29 тамызда расталған аурудың өсімі (2481 жағдай) елдегі ең жоғарғы межені көрсетті. Ауру жұқтырғандардың жалпы саны 116 978 адамға жетті, оның ішінде 2492 адам қайтыс болып, 56 138 науқас жазылып шықты. Украинаның денсаулық сақтау министрлігі атап өткендей, науқастардың көпшілігі Львов облысында (14 168), Киевте (12 984) және Черновцы облысында (9997) тіркелген. 

Ал Ресейде тамыз айының ортасынан бастап жаңа жұқтыру жағдайларының көлемі 5000-нан асқан жоқ. Жедел штаб мәліметтері бойынша 29 тамызға қарай елде коронавирус инфекциясы 985 346 адамнан анықталған, 17 025 науқас қайтыс болып, 804 383 сауыққан. 

COVID-19 қоздырғышы 2019 жылдың аяғында Қытайдың Хубэй провинциясында тарап, 210-нан астам ел мен аумаққа жетті.

Коронавирус жұқтырғандар санының төрттен бірі АҚШ үлесінде. Эпидемия басталғалы бұл елде 6 миллионға жуық адамның Covid инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның 183 мыңға жуығы қайтыс болған, 2 миллионнан астамы жазылып шыққан.

АҚШ-тан кейінгі орында – Бразилия. Бұл елде коронавирус індетіне 3,8 миллионнан астам адам шалдыққан. Ел президенті Жаир Болсонару көп уақыт бойы коронавирус инфекциясының барын жоққа шығарып келіп, кейіннен вирусты өзі жұқтырып алды.

Халқының саны жөнінен әлемнің екінші елі саналатын Үндістанда вирус үлкен қарқынмен тарап жатыр. 30 тамыз күні бұл елде рекордтық көрсеткіш тіркелді. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тәулік ішінде 78 761 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, Үндістанда коронавирус инфекциясы барлығы 3,5 миллион адамнан анықталған. Вирус жұқтырған 2,7 миллион адам аурудан жазылып шықса, 63,4 мың науқас қайтыс болған.

Коронавирустың тарауын тежегендей көрінген Оңтүстік Кореяда он жетінші күн қатарынан тәулік сайын жүздеген науқас тіркеліп отыр. 30 тамыз күні елдегі вирус жұқтырғандар саны 299 адамға артқан. Бұл – кейінгі бес тәуліктегі ең төмен көрсеткіш. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны – 19 699. Аурудан 14,9 мың адам жазылып шыққан, 323 адам қайтыс болған.