10 қаз, 2020 сағат 13:43

Әлемде COVID-19 жұқтырғандардың тәуліктік өсімі рекордтық көрсеткішке жетті

Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, 9 қазан күні әлемде 350 мыңға жуық адамнан Covid инфекциясы анықталды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Эпидемия басталғалы 36,8 миллион адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды. Миллионнан астам науқас қайтыс болды.

Сондай-ақ соңғы тәулікте әлем бойынша COVID-19 вирусынан кем дегенде 5514 науқас көз жұмған. 

Расталған Covid науқастары бойынша көш басында АҚШ, Үндістан және Бразилия тұр.

Төртінші орында тұрған Ресейде (аннексияланған Қырымды қосқанда) тәулік ішінде 12 126 адамнан коронавирус анықталды. Бұл – індет басталғалы тіркелген ең жоғарғы көрсеткіш. Мұның алдындағы рекорд 11 мамыр күні тіркелген. Ол күні вирус 11 656 адамнан табылған. Елде барлығы 1,3 миллионға жуық адамның Covid инфекциясын жұқтырғаны расталған.

Джонс Хопкинс университетінің Covid-картасында Қазақстан 108 663 науқаспен 38-орында тұр. Университет есепке тек ПТР тестімен расталған науқастар дерегін ғана алады. бұл статистикада коронавирус жұқтырғаны диагнозы бойынша анықталған пневмония науқастары көрсетілмеген. Қазақстан олардың есебін 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Ресми дерек бойынша, 1 тамыз бен 10 аралығында 34 617 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Егер екеуін қосса, Қазақстан 32-орынға көтеріледі.

Індет күрт өршу бірнеше елде байқалып отыр. Қыркүйектің соңында Израиль карантин шектеулерін қайта енгізді. Одан кейін Чехия, Словакия, Италия және Ұлыбритания да карантин талаптарын күшейтті. Шаралар көбіне кафелер мен ресторандар жұмысын шектеуді, адам көп қатысатын іс-шараларды азайтуды, маска тағып жүруді қамтиды. Бірқатар елде білім беру қашықтан жүргізіле бастады.