08 қаз, 2020 сағат 07:50

Әлемде Covid-19 вирусын жұқтырғандар саны 35,8 млн адамға жетті

Еуропада коронавирус жылдам тарап жатыр.

Сейсенбіде бірден Шығыс Еуропаның төрт мемлекетінде, соның ішінде Украинада коронаврус жұқтыру жағдайларының рекордтық саны тіркелді. Парижде қарқынды терапия палаталарында бос орындар саны аз, ал Шотландия мен Бельгияда пабтар жабылуда, деп хабарлайды ВВС агенттігі. 

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша әлемде Covid-19 жұқтырғандар саны 35,8 млн адамға жетті, миллионнан астамы көз жұмды. Пандемия уақытында 25 млн-нан астам пациент сауығып шықты. 

Аурудың таралуы бойынша АҚШ көш бастап тұр. Мұнда 7,5 млн адамға коронавирус диагнозы қойылған. 

Украина, Чехия, Польша және Болгарияда Covid-19 вирусына шалдығудың жаңа жағдайларының күн сайынғы рекорды жаңарды. Биылғы жылдың көктемі мен жазының басында, осы төрт мемлекет қатаң карантин шараларын жариялады және олардағы жағдай салыстырмалы түрде қолайлы болды. Алайда, қазір инфекция жаңа қарқынмен тарала бастады. 

Украинаның Денсаулық сақтау министрлігі өткен тәулікте елде Covid-19 жұқтырудың 4753 жаңа жағдайы тіркелгенін және қазіргі уақытта коронавируспен ауыратындардың жалпы саны 128,7 мың адамды құрайтынын хабарлады. Сонымен қатар, пандемия кезінде Украинада коронавирустың 239,3 мың расталған жағдайы тіркелді, 4,6 мың науқас қайтыс болды. 

Чехия бір тәулікте коронавирусқа шалдығудың 4457 жаңа жағдайы тіркелгенін хабарлады. 

Польшада 303 адам ауырған, 75 науқас көз жұмған. Өлім жағдайлары бойынша алдыңғы рекорд дүйсенбі күні орнаған еді. Ол кезде 58 адам қайтыс болған. 

Болгарияда ауру жұқтырудың 46 жаңа жағдайы және сегіз өлім оқиғасы тіркелді. 

Сейсенбіден бастап Парижде күшейтілген карантиндік шаралар қолданыла бастады. Франция астанасындағы барлық барлар, бассейндер мен спорт залдары жабылды (бұған дейін Марсельде осындай шаралар енгізілген). Алайда, сәрсенбіде билік Париж маңындағы Иль-де-Франс аймағында реанимация бөлімшелерінде Covid-19 жұқтырған 449 пациент бар деп хабарлады. Осылайша интенсивті терапияның жергілікті палаталарындағы барлық орынның 40%-ы толды. 

Шотландия билігі Ұлыбританияның осы бөлігінің орталық аймақтарындағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты барлық пабтар мен мейрамханалар жабылатынын мәлімдеді. 

Жұма күнінен бастап қолданылатын шектеулер Шотландияның ең көп қоныстанған аймақтарына, соның ішінде Эдинбург пен Глазгоға да қатысты болмақ.