Әлемде 87 миллион адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссияның ақпаратына сілтеме жасап.
Қазір әлем қауымдастығы COVID-19 пандемиясымен күрес жүргізіп келді. SARS-CoV-2 коронавирусының таралуы басталғаннан бері әлемде 87 миллионнан астам адам індетті жұқтырды. Шамамен 1,9 миллион адам қайтыс болды, 63 миллионнан астамы сауығып шықты.
Австралия коронавирусқа қарсы вакциналауды ертерек бастауға ниетті – науқан наурыз айынан, ақпан айының бірінші жартысына ауыстырылды. Пандемия басталғалы елде 28 543 адам індетті жұқтырғаны расталды, 909 адам қайтыс болып, 25 806-сы жазылды.
Материктік Қытайда COVID-19 жұқтырудың жаңадан 63 жағдайы анықталды. Оның 11-і шетелден келгендерден анықталса, тағы 52-сі Хэбэй мен Ляонин провинцияларына тиесілі.
Германия педиатрлары балалар мен жасөспірімдерді вакцинациялауды тезірек бастауға шақыруда. Бұл мектептер мен балабақшалардың қалыпты жұмысын қайта бастауға мүмкіндік береді. Федералды педиатрлар қауымдастығының басшысы Томас Фишбах «балаларға арналған арнайы вакцинаны мүмкіндігінше тезірек жасап, сертификаттаудан өткізу қажет», - деп атап өтті.
Сонымен қатар, Германияның екі ірі фармацевтикалық компаниясы жақын арада коронавирусқа қарсы вакцинаны бірлесіп шығаруға ниетті. Альянс халық арасында екпе егу үрдісін жеделдету үшін және Германияның барлық тұрғындарын жаз мезгіліне дейін екпемен қамту мақсатында құрылған.