24 қаң, 2024 сағат 21:39

Әлем философиясы қазынасына қосылған еңбек

 


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия кафедрасы және Түрік халықтары философия қоғамының Қазақ комитеті әзірлеген көптомдық «Түрік философиясы антологиясының» 1-2 томдары жарық көрді.


 Бұл еңбек авторлардың «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізген шығармашылық ізденістерінің заңды жалғасы екенін атап өткен жөн.


«Антологияға Ұлы даланы көне заманнан бері мекендеп келген түрік халықтары мен ұлыстарының философиялық және діни-мифологиялық дүниетанымына қатысты мәтіндер мен оларға берілген ғылыми талдаулар енді. Серияны Халықаралық ғылыми кеңесінің төрағасы, университет ректоры Жансейіт Түймебаев басқарып, төраға орынбасары Бекжан Мейірбаев үйлестіріп, профессорлар Тұрсын Ғабитов пен Жақыпбек Алтаев және менің құрастыруыммен жарыққа шыққан «Исламға дейінгі түрік философиясы» деген 1-томда түрік философиясы хақындағы дискурстан бастап, исламға дейінгі түрік ойының тарихы қамтылып, мифология мен наным-сенімдердің табиғаты зерделенген. Орхон жазбаларындағы дүниетанымдық бағдарлар, тәңірлік дәуір философиясы, дүниенің түркілік суреттемелері туралы философиялық пайымдар ой алаңына алынған», – дейді Философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек.


Әл-Фараби философиясына арналған 2-томда әл-Фараби еңбектерінің топтамасы беріліп, адамзат ойшылы өмір сүрген дәуірдегі түрік өркениетінің рухани болмысы байыпталған. Ғұлама ойшылдың түрік мәдениеті мен философиясындағы орны мен рөлі де бағамдалған.

 

 

Қарагөз СІМӘДІЛ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің

Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы