ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қауіпсіздік талаптары сақталмаса, алдағы уақытта карантиндік шаралар енгізілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Әрине, бұған дейін болған карантиннен сабақ алуымыз керек. Осы орайда, денсаулық сақтау жүйесін тиісті дайындықтан өткіздік, яғни ауруханадағы орындар мен дәрі-дәрмек, жабдықтар және басқа да қажетті заттар толықтырылды. Ең мыңыздысы – ол әр адам қауіпсіздік ережесі мен әлеуметтік қашықтықты сақтауы керек», - деп тоқталды министр Орталық коммуникациялар қызметінде.
Бұл ретте А.Цой тұрғындар қоғамдық орындарда тиісті қауіпсіздік талаптарын орындамай жатқанын атап өтті.
«Құқық қорғау органдары біздің аумақтық департаменттерімізбен бірлесе осы бағытта қажетті шараларды қабылдауда. Өкінішке қарай, айыппұлдар да салынуда. Ай сайын айыппұл саны артып келеді. Бұл, өз кезегінде бізде режимнің орындалмай тұрғанын байқатады. Еліміздегі жағдай тұрақты. Дегенмен тиісті талаптарды орындамасақ, карантин енгізілуі мүмкін. Атап айтқанда, індетке тосқауыл қою өзімізге байланысты. Сондықтан барлығын орындасақ, карантин енгізілмеуі ықтимал. Алайда, ереже сақталмаса, онда карантиндік шараларды енгізуге кеңес беруге мәжбүр боламыз», - деді Денсаулық сақтау министрі.