Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой эпидемиологиялық ахуалы жеткілікті деңгейде қадағаланбай жатқан үш өңірді атады. Оның айтуынша республикада коронавирус жұқтырған азаматтардың 40 пайызы – осы үш облыстың тұрғындары, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«26 қаңтардағы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, Қазақстанның 6 облысы мен 2 қаласы «қызыл» аймақта тұр. Олар: Ақмола, Павлодар, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Бұл ретте Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарында эпидемиологиялық ахуалды жеткілікті деңгейде бақылау жүргізіліп жатпағанын атап өту керек. Осының салдарынан республикада коронавирус жұқтырған азаматтардың 40 пайызы – осы облыстардың тұрғындары. Осыған байланысты аталған өңірлердің әкімдері тиісті әрі тиімді шектеу шараларын енгізіп, оның сақталуына баса мән беруі керек», - деді Алексей Цой Үкіметтің кеңейтілген отырысында.