07 қаз, 2021 сағат 18:25

Алексей Цой ауылдағы медициналық қызметті дамыту туралы айтты


ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қалай дамитынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізде COVID-тен бөлек аурулар бойынша да медициналық көмек көрсету тоқтаған жоқ. Ауылдарда денсаулық сақтау саласын дамытуға үлкен көңіл бөліп жатырмыз. Біз үшін медициналық көмектің әрбір елді мекенде болуы және әрбір азаматқа жетуі өте маңызды. Қазін сол үшін көлік медицинасын дамытып жатырмыз. Қазақстандағы өңірлердің бәріне 149 жылжымалы медициналық кешен аттандырылған. Олар қажетті медициналық жабдықтармен, тоңазытқыштармен, ЭКГ аппараттарымен, рентгенмен жабдықталды. Бірінші кезекте медициналық объектілер мүлдем жоқ елді мекендерге басымдық беріп отырмыз. Жылжымалы кешеннің көмегімен сол ауылдарға дәрі-дәрмектер жеткізіліп, профилактикалық тексерулер жүргізу жолға қойылды», - деді Алексей Цой ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысының алдында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. 

Министрдің айтуына қарағанда, жоспар бойынша барлық тірек ауылдар бастапқы буындағы медициналық нысандармен жүз пайыз қамтамасыз етілуі тиіс.

«Біз бұл бағдарламаға баса назар аударамыз. Алдағы бес жылда тірек ауылдардың бәрінде медициналық нысандар болуы керек. Әр өңірде медициналық көмекпен қамтылмаған елді мекендер бар және азаматтар аудан орталықтарына баруға мәжбүр. 

Ең бастысы – маман даярлау. Қазір біз маман тапшылығын жою үшін әр облысқа қайта оқытылған медицина қызметкерлерін жіберіп жатырмыз. Соларды барған жерінде тұрақтату үлкен міндет болып отыр», - деді ведомство басшысы.