08 қаз, 2017 сағат 09:24

"Алдымен қолға үйретілгені – ит болатын..."

Ал, біздің даламызда иттен кейін қолға үйретілгені - жылқы. Қазақтың даласында жосып жүрген жабайы жылқының "Керқұла" және "Тарпаң" сияқты түрлерін қолға үйреткен. Жылқының үй жануары ретінде қолға үйретілгеніне 5500 жылдан асты. Британдық ғалымдардың ашқан осынау жаңалығы, осыдан біраз жыл бұрын шетелдің күллі басылымдарын шарлап кетті. Адамзат тарихындағы сенсациялық жаңалықты ашқан ғалымдар 1994 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысындағы өлкелерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. Өркениет тарихында жылқылар алғаш рет қазіргі Украинадағы Дереевка селосы маңында б.з.б. 3500-4000 жылдары қолға үйретілді деген тұжырым болған. Алайда соңғы зерттеулердің қорытындысы өркениеттің Азиядан басталғанын көрсетуде. 

«Жылқы ғалымдар ойлағаннан мың жыл бұрын қолға үйретілген» атты мақала «Horse» атты ағылшын тілді журналда жарық көрген. Мақала авторы Кимберлей Броун «Лос Анджелес Таймс» газетіне сілтеме жасай отырып, жылқылар еуропалықтар ойлағаннан екі мың жыл бұрын қолға үйретілгенін хабарлаған. «Жылқы қолға үйретілді. Бие байлау Қазақстанда басталған» атты мақала «National Geographic News» атты ғылыми басылымда жарық көрді. «Қазіргі күні Қазақстан деп аталатын далалық өлке тұрғындары алғашқы болып жылқыға мініп, оның сүтін ішкен. Бұл мәдениет 5500 жыл бұрын басталған» деп хабарлайды аталған басылым. «Олар жылқының етін жеп қана қоймай, сонымен қатар оның сүтін де тағам ретінде пайдаланды» дейді аталған археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген жетекші ғалым, Ұлыбританиядағы Эксетер Университетінің қызметкері Алан Оутрам.

Қазақ жерін осыдан 3600-3700 бұрын кімдер қоныстанды дегенге келетін болсақ, ғалымдар жылқы малын Ботай халқы бірінші болып қолға үйретті деп санайды. Ботайлықтар Есілдің жағасын мекендеп, жылқының етін жеп күнелткен. Ғалымдар жылқы сүйегінің бір жерде шоғырланғанына қарап, ботайлықтар жылқы малын будандастыруды да меңгерді деген тұжырым жасайды. Оутрамның осы пікірі 2009 ж. ерте көктемде “The Science” журналында жарық көрді. Кейбір жылқының тістері мүжілгені, оған сызат түскен байқалған. Осыған қарап, жылқының мініске пайдаланғаны, ауыздықталғаны анықталды. Сонымен қатар табылған ыдыстардың түбінен жылқы сүтінің кепкен қалдықтарының ізі қалған. «Егер биені сауып, сүтін алған болса, бұл жылқылар жабайы емес деген сөз. Яғни қолға үйретілген» дейді осыған орай Нью-Йорк қаласындағы Хартуик университетінің зерттеушісі Давид Антони. «Біз тапқан жаңалықтан байырғы адамдар біз ойланғаннан да өнертапқыш екенін көріп отырмыз» дейді Оутран. «Мен үшін жылқы малының қолға үйретілуі адамзат тарихының бүршік жарған кезімен тең. Ескендір, Шыңғыс хан тәрізді шапқыншылардың барлығы дерлік жылқы малы болмаса, түк те істей алмас еді» дейді археологтардың енді бірі «Лос Анджелес Таймс» газетіне берген түсініктемесінде. Қазақстанда әлі күнге дейін жылқының сүтін қымыз ретінде пайдаланатыны белгілі дейді шетелдік ғалымдар. «Бұл жайттың өзі қымыз дайындау қазақ даласында сол кезден бері үзілмей жалғасып келе жатқанының айғағы» дейді зерттеуші. Адамдардың жылқы малын қолға үйреткені емес, бірінші кезекте оны көлік құралы ретінде тұтынғаны тарихи маңызды. Себебі адамдар үзеңгі мен ауыздықты ойлап тауып, жылқыны ерттеп мінгеннен бастап, адамзат тарихында үлкен төңкеріс жасалды. «Менің ойымша, жылқының қолға үйретілуі адамзат тарихындағы ең шешуші оқиға болған, - деп келтіреді Сандра Олсеннің сөзін «Los Angeles Times» газеті. – Александр Македонский, Еділ мен Шыңғысханды қоса алғанда, барлық ұлы империялардың негізін қалаушылар жылқысыз ештеңе істей алмас еді».

Өмір Шыныбекұлының фэйсбуктағы жазбасынан