08 там, 2019 сағат 15:42

Алакөлге лай су ағызған демалыс орнына 75 мың теңге айыппұл салынды

Алакөлге лай су ағызған демалыс орнына 75 750 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«ҚР ӘҚБК-нің 328-337-баптарымен айыппұлдар салынды. Айыппұлдың сомасы 75 750 теңге. Екі айыппұл салынды. Қазір енді осы экологиялық құжаттарды толық рәсімдегенше кәсіпорынның жұмысын тоқтату туралы сотқа құжаттар дайындалуда», - деді Алматы облысы бойынша экология департаментінің баспасөз хатшысы Сейдалы Сариев.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысындағы Алакөлге құбыр арқылы лай су төгіліп жатқаны бұған дейін хабарланған болатын. Әлеуметтік желіге тараған видео халықтың наразылығын тудырды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бұл жағдайға кінәлілер жазаланатынын айтты.