27 мам, 2021 сағат 17:33

Алакөлде демалған туристердің ешқайсысы коронавируспен ауырған жоқ – Амандық Баталов


Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Алакөлдегі туристер демалысы қалай ұйымдастырылатынын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы да біз ПТР анықтамасын талап етпеу туралы батыл шешім мен жауапкершілікті мойынға алған едік. Мен арнайы қызығушылық танытып, сұрастырып көрдім. Әрдайым мақтанышпен айтамын: қазақтар осы ауа мен суды «қасиетті» дейді. Онда демалған бірде-бір адам ауырмаған. Оны құжат түрінде де дәлелдей аламын», - деді А. Баталов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Биыл Алакөлдегі демалыс «Ashyq» жобасы аясында ұйымдастырылады. 

«Ashyq» бағдарламасы өте жақсы жұмыс істейді. ПТР анықтамасын талап етудің не қажеті бар? Бұл қосымша демалыс үйлерінде, әуежайда, барлық жерде орнатылады. Ондағы атмосфераның өзі де пайдалы. Өзім жұмысқа шыққан кезде өкпемнің 32% зақымданған еді. Жол мәселесі бойынша Премьер-министрмен кездесуге алдын-ала келіп, жарты күн бойы осы ауамен тыныстадым, өкпем ашылды. Жағдайым жақсарып қалды. Сондықтан бәріңіз Алакөлге келіңіздер», - деді Амандық Баталов қазақстандықтарға.