30 қыр, 2021 сағат 11:32

«Ақын» фильмінің әлемдік тұсаукесері Токиода өтеді


Белгілі режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмінің әлемдік деңгейдегі тұсаукесері 34-ші Халықаралық Токио кинофестивалі шеңберінде өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған байқау биылғы жылдың қазанның 30-ы мен қарашаның 8-і аралығында Жапонияда өтеді. 

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Ақын» фильмі Дидар есімді мойындалмаған жазушының өмірі туралы баяндайды. Фильмнің сценарийі неміс жазушысы Герман Гессенің «Авторлық кеш» желісі бойыншы жазылған. 



- «Ақын» фильмі ең алдымен отандық көрермендерге арналған. Осының алдында түсірген менің басқа фильмдеріме қарағанда, бұл туындыны мазмұны мен проблематикасы жағынан ұлттық кино деуге болады. Фильмде қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты проблемалар көтерілген. Алайда бұл көпшілікке ортақ мәселе, өйткені бүгінде қаншама тілдер жойылып барады, - деді режиссер Дәрежан Өмірбаев. 

Айта кетсек, 1980 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Tokyo International Film Festival кинофестивалі Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы федерациясының (FIAPF) тіркеуінен өткен, «А» санатындағы әлемдегі үздік 15 кинобайқаудың қатарына кіретін беделді фестивальдердің бірі. 

Биыл фестивальге қатысуға 113 елден 1533 өтінім келіп түскен екен. Нәтижесінде фестивальдің басты байқауына 15 кинотуынды іріктеліп алынған, оның 10 фильмі алғаш рет көрермендерге ұсынылатын болады. Халықаралық қазылар алқасын аты аңызға айналған француз актрисасы Изабель Юппер басқарады. 

Фестивальдің ашылу салтанатында америкалық режиссер Клинт Иствудтың «Жігіттердің көз жасы» атты картинасы көрсетілетін болады.