20 қар, 2025 сағат 10:50

Өрттің алдын алу: Жетісу облысында тұрғын үйлерге ақылды дабыл жүйесі таратылуда

Фото: ашық дереккөз

Жетісу облысында тұрғындарға 2000-ға жуық дабыл қондырғысы тегін таратылды, деп хабарлайды Ult.kz 24KZ арнасына сілтеме жасап.

Жетісу облысының Төтенше жағдайлар қызметі жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында әлеуметтік осал топтардағы отбасыларға бірінші болып тегін дабыл қондырғыларын орнатып берді. «Ақылды» құрылғылар түтін шыққан сәтте бірден белгі береді.

Мамандардың мәліметінше, жылыту маусымы басталғалы өңірде 35 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл — былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға аз.

Қазір аймақта «Өрт қауіпсіздігі» айлығының екінші кезеңі өтіп жатыр. Төтеншеліктер жеке үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, пештердің жағдайын тексеріп, ақау анықталса ескерту береді.

Қала тұрғыны Батырбек Қойдисанов орнатылған құрылғының балалар бар үй үшін аса тиімді екенін айтты:
«Қауіпті газ шықса, бірден дабыл қағады. Өте пайдалы нәрсе екен», — дейді ол.

ТЖБ өкілдері қатты отын пайдаланатын үйлерде рейдтер жалғасатынын хабарлады.