1. Мария стюарт
Жанат Шайкинаның ата жұрты мен нағашы жұрты шыққан Баянауыл – қазақ халқына 16 академик берген құтты жер. Жанаттың әкесі Аңсабай, атасы Шайқы, ата тегі кеңес дәуірінде Чайкина болып жазылып кетіпті. Павлодардың А.П.Чехов атындағы облыстық орыс драма театрында Ф.Шиллердің «Мария Стюарт» атты өлеңмен жазылған уытты трагедиясында басты рөлді Жанат Шайкина ойнағанда, көрермен қауым оның ұлты қазақ екенін аңғармаған екен. Билік пен таққа талас, діни алауыздық жер бетіндегі классикалық сценарий, шіркін, әсте бір бұлжымайды-ау, адамзат нәсілі оңы мен солын танығалы көнеден жалғасып келе жатыр. Шотландия мен Францияның патшайымы және Англияның тағына үміткер Мария Стюарт 1587 жылы 8 ақпан күні Фотерингей қамалында жазаланды. Ағылшын королевасы I Елизаветаға қарсы католиктердің бүлігіне қатысты деген айыппен оның басын кескен. Орыс театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Виктор Валентинович Аввакумовқа Жанат бірде 2-3 ай рөлсіз жүргенін айтты. Азаматтығы әрі талантты бағалағаны ғой, Аввакумов Жанатты жатсынбай, өз ордасына шақырып, басты рөлді еншілеп берді. Жанат рөлін бірден жаттап алғанда, режиссер Д.Т.Свидерский өте риза болды. Актриса: «Қолыма рөлді ала сала жұмысқа жұлқына кірістім», – дейді. Мария Стюарт бейнесі Жанат Шайкинаның абыройын әбден асырды. Бір өкініштісі, бұл қойылым таспаға жазылмаған.
I Елизавета басқарған дәуірде британ елінде драмалық өнер мықтап дамыды, 1582 жылы Королева труппасы құрылды, оның құрамында Уильям Шекспир болды. Мария Стюарттың бақталас саяси қарсыласы, туысы Элизавета патшайымды белгілі актриса Нина Матвеевна Запруднева ойнады. Жанат намысқа тырысып, сыни сырт көзге: «Мына қазақ актрисасын неғып алдыңдар?!» – дегізбеу үшін жанын салды. Орыс тілі мүлтіксіз. Премьерадан соң сұхбат алуға келген орыс журналист: «Откуда у вас петербургский акцент?», – деп таңғалды. Ажал аузында бекзат қалпын сақтаған Мария Стюарт бейнесін нанымды беру үшін ол кітапханадан шықпай, тарихи тұлғаны жан-жақты зерттеп білуге күш салды. Үкім орындалып, жендет айбалтасы желкеден тигенде 44 жасар королеваның паригі ұшып кетеді, шашы ағарып кетіпті. Шотланд патшайымы жаңғырыққа басын қоярда үстіне қымбат көйлек киіп шығады, таспиық тартады, мойнында крест, буыны босамау үшін шарап сұрап ішеді. Діні католик, протестанттыққа қарсы. Текті патшайым ақсүйек кейпіне дақ түсірмей, дұшпан алдында жасып, жыламауға бекінді. Кешірім сұрап, Елизаветаның аяғына жығылса, өлімге кесілуден құтылар еді. Қанды жазаға жиылған жұрт көзімен көріп, құлағымен естіді, ажалға көнген ақтық мезетінде құрбан әйел жендеттерін кешірді. Рухы биік Мария Стюарттың бейнесі өлгеннен соң әдебиет пен музыкаға көшті, оның қилы-қиямет тағдыр жолының бұралаң-қалтарысы талай классикті толғандырды. Шиллердің «Мария Стюарт» атты трагедиясын орыс тіліне Борис Пастернак өлеңмен аударған, спектакль сахнада екі жыл жүрді. Осы күрделі образдан соң Жанат Аңсабайқызы енді өзіне бірде-бір рөл қиын болмайды деп ойлаған. Бірақ ол қатты қателескенін антикалық Медеяның рөлін бергенде ұғып, жаны қоса қиналды.
Жанат Шайкина орта мектепте ақын Арман Қанимен бірге оқыды. «Мен орысшалаумын ғой. Қазақ класында оқығаныммен, «Фонари», «Венок Дуная» деп орысша ән айтып жүретін едім. Комсомол ұйымының хатшысымын. Ол болса мектепте оқып жүріп, ұлт мүддесін қорғайтын астыртын ұйым құрып жүр. 9 сыныпта оны мектептен шығарып жіберді. Содан соң жертөледе ұстаған. Ұрып-соқпаған, бірақ күні бойы нәр татырмай, жауапқа тартқан. «Павлодарда неге қазақ мектебі жоқ, балабақша, дүкендердің атауы неліктен қазақ тілінде емес? Неге бәрі тек орыс тілінде?!» – деген жасөрім Арман, комсомолдан шығаруға оны мен апара жатырмын. Үн жоқ. Арманға: «Сен сөйле» , – деді. Ол болса қасқая қарап: «Міне, оқыңдар!» – деп комиссияға қарсы дәптерін лақтырды. Ақталған соң Арман ақын атақ-абырой алды, әрине. Желтоқсан оқиғасында Павлодар трактор зауытының ұлтшыл жігіттерін де көтерген ғой. Қазір Павлодар облысында әдеби-мәдени өмір біздің Армансыз өтпейді. Арман Қани кейінірек Жанатқа жыр арнады:
«Жұрт көзінше бір ғұмырды жаратқан,
Өнерпазды ұлы десем, теріс пе?
сахнада жалғыздық пен Жанаттан
Жаратылды жұмақтағы періште!
Неге дулы дүниеден безінді,
оны ұғынған Шекспирді түсінбек.
Ұлы шебер сөзбен сомдар сезімді
Шығарды ол жан-тәнімен мүсіндеп!
сан заманның зерлі сырын ол жалғыз
Үлестірмек екі бірдей ғасырға!
Ұлы абайға арман болған Тоғжан қыз,
Жанат болып туғаныңды жасырма!»;
«Жаным, Жанат, түспеші енді азапқа,
бір Медея жетер грек елі үшін!»…
Ол жеті жасынан ән салып, өскенде әнші болуды армандады. Жанаттың әкесі Аңсабай Шайқыұлы Павлодар өңірінде беделді адам еді. «Актриса күнделігінен» атты өмірбаяндық кітабында Жанат Шайкина Ертіс жағасында, суға балықтай жүзіп, романтик жазушы Александр Грин хикаясындағы кейіпкер Ассоль сияқты қиялдап өскенін жазды. Өмірде не болмайды. Үш қыз, бір ұлдан соң туған нәресте Жанатты бауырына салып алғысы келіп, кілең ұл туа берген бір таныс әйел перзентханада анасы Мақпузаға: «Кел, екеуміз ешкімге сездірмей, бала ауыстырайық!», – деп жалыныпты. Жанат артынан: «Менен кейін анам екі бауырымды дүниеге әкелді! Қызын айырбастамағаны үшін Алладан сый алғандай», – деуі түбірімен дұрыс пайым. Жанат үш жасқа толмай, қайратты әке аяқ астынан ауырып, 44 жасында қатерлі ісік ауруынан көз жұмды. Анасы Мақпуза 32 жаста алты баламен жесір қалды. Өмір өз дегенін істетпей қоймайды, қаймана жұрт сырттан тон пішкенге көнбейді. Араға 9 жыл салып, анасы өзін ерекше сүйіп, қадірлеген ер азамат, математика мен физика пәнінің мұғалімі Малай Бакаевичке тұрмысқа шықты. Ол кісі әмеңгерлік салтқа мойынсұнып, жесір жеңгесіне үйленген екен, отбасын, бір баласын қалдырып, 45 жасында өз бақытын таңдады, кейінгі отбасымен 31 жыл тату-тәтті тірлік кешті. Келген бетте ол: «Сендердің әкелерің болған, мені ағатай десеңдер де болады», – деп, алты баланы мәпелеп өсірді.
Өнерге құштарлықты қарғадай қызына анасы Мақпуза дарытты, жеті жасынан Павлодарға мектеп-интернатқа оқуға берді. Түрлі өнер байқауларына белсенді қатысатын үріп ауызға салғандай әдемі, кішкентай Жанатты Беларуссияның Клинцы қаласының дәмі тартты, Артекте демалды, Москваны көрді, өнер бағына тартқан баспалдақтар ақырындап басталған. Өмір жолы қиюласа келе, театр әлеміне әкелді, әншілікке қызыққан абитурент қыздың бойынан артистік ұшқынды аңдап, бұлақ көзін ашқан алғашқы ұстаз Рабиға Мұқайқызы Қаныбаева болып шықты. Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясының актерлік факультетінде ұстаздар құрамында осал тұлға кездеспейтін. Жанат Шолпан Жандарбекованың курсына қабылданды. Ол диплом алған жылы Талдықорғанда театр ашылды. Бүкіл курсты жаңа театрға жіберді.
1975 жылы 4 қарашада жас театр алғашқы шымылдығын Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» атты драмасымен ашты. Дипломдық спектакльде 21 жасар Жанат ұстазы Шолпан Жандарбековамен бірге қайғыға батқан қос ананы ойнап жүріп, көз жасын көлдетіп, «Апама қарасам, дауысы сондай зарлы, ал көзінен жас көрінбейтін сияқты. Әр спектакльде таусыла жыласа актрисаның несі қалады? «Сен жылама, көрерменді жылат» деген сөз осыдан шыққан болар?», – деп ойлап, техника деген осы екен ғой деп түйген.
Театр – төтенше жағдайларды әсте болжамайтын сұлулық мекені. Жанат соңғы дайындық кезінде басқыштан құлап, миы шайқалған деген диагнозбен емханаға түскен күннің ертеңінде В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні» атты лирикалық драмасының премьерасы өтпекші болатын. Укол қабылдаған соң ол дәрігерге қолхат қалдырып, құстай ұшып, театрға келді. Жанатты көргенде театр басшылары қуаныштан төбелері көкке жете жаздады, ол Инга рөлін жоғары деңгейде алып шықты. Маңдайында ісік, сахнаға лейкопластырь жапсырып шықты, бір тәуірі, қисынды, оқиға соғыстың соңғы мезгілінде өтеді.
Талдықорған театрында Жанат Шайкина «Арманым Әселім», «Күшік күйеу», «Қаракөз», «Тұңғыш ұл» сияқты спектакльдері арқылы Алматы көрермендерімен қауышып, 1 дәрежелі дипломмен марапатталды. 1998 жылы Тараз қаласында өткен Республикалық театрлар фестивалінде Ақселеу Сейдімбектің «Күзеуде» атты әңгімесінің желісімен Болат Ұзақов инсценировкасын жазған пьесада «Ең үздік әйел рөлі» аталымы бұйырды.
Әзірбайжан Мәмбетов Жанатты «Жаушы» фильміне, Сәния рөліне шақырған. Жанат екінші балаға аяғы ауыр болған соң, кинодағы рөлден өкінбей бас тартты! 1984 жылы Төлен Әбдіковтың «Өтелмеген парыз» атты повесінің желісімен түсірген фильмге Жанат Шайкина Әнуар Молдабеков және Досхан Жолжақсыновпен қатар түсті. Роза Қараеваға берген сұхбатында фильмнің режиссері С.Жармұхамедов Жанатты рөлге «Көзінде бір мұң бар, Шайкинада іш бар, жәбірленушілік бар, бет жыртысу сияқты үлкен қылықтарға бара қоймайды» деп таңдағанын айтыпты.
Жанат Шайкина 1990 жылы желтоқсан оқиғасы туралы «Қызғыш құс» атты Талғат Теменовтың фильмінде Нонна Мордюковамен бірге ойнап, қасында қатар жүрді, атағы жер жарған актрисаның егделікке қадам басқан шағында басынан өткен қилы жазмышы туралы бір күліп, бір жылап айтқан сырларын естіді. «Қызғыш құс» фильмі түсіріліп болып, дыбысын жазу үшін жіберілуге аэропортқа, одан әрі Москваға жеткізілмекші еді, ең соңғы диск салынған сәтте, «Қазақфильм» ауласында газель өртеніп кетті. Бұл алапат мезетті Жанат Шайкина көзімен көрді: «Талғат басын ұстап, жерге отыра кетті, жыларман күйде. Режиссеріміз әлі монтаждалмаған жұмыс материалдары сақталғанын, қайта жасайтынын айтып, есімізді орнына келтірген сияқты. Ол өрттің мәнісін бәріміз де іштей түсінгендейміз…».
Нонна Викторовнаның Жанатқа бауыр басып қалғаны сонша, Москваға келсең, менің үйіме кел деп шақырды. 1991 жылы Жанат Шайкина «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі» атағын алғанда Нонна Мордюкова ақ тілегін жаудырып, құттықтау жеделхатын жіберген.
2.Медея
Театрдың жазылмаған заңы бар, кейбір рөлдер актер қауымы үшін қатерлі. Энергетикасы тылсым, аурасы ауыр, эзотерикалық рөлдерді иемденген артист атаулы бір қырсыққа тұтылмай қалмайды, сахнадағы стихия шеңберден шығып, селге айналып, параллель шиырылып қосыла дамиды, жеке басқа беймаза күй, әлдебір күтпеген қасірет ілестіріп алып келеді. Павлодар драма театрында Ерсайын Тапенов қойған «Медея» трагедиясында Жанатқа бұйырған басты рөл тура сондай болып шықты. Жанат Аңсабайқызы туған жеріне белгілі актриса, үш қыздың анасы, екі жиенді болып оралған. Медеяның басынан кешкен азабы, жан қиналысы актрисаның жеке өміріне еніп алғандай, сахнадағы тағдырдың бір ұшығы отбасына берілді. Өзгенің жасыл бағы жайқалған несібесін көре алмай қызығатын, мүмкін болса, ұрлап алуға ентелейтін озбыр әйел затынан дәстүрлі отбасына қатер мол. Мұның сырын психология ғылымы арнайы зерттемегенмен, әлем әдебиеті мейлінше суреттеуден танбайды.
Студент кезде Жанат, өзге қыздар киноға кетсе, Пушкин кітапханасынан шықпай, қазақ, орыс, шетел классиктерін оқып отыратын. Ол әрбір күрделі рөлге бекіген сайын молырақ ізденуге дағды алды. Медея рөлі үшін Н.Кун, А.Белецкий, Головня, Гадциг, Каллистов сияқты антикалық дүние мен мифологияны зерттеуші авторлар және театр журналдарын оқып тауысты. Уақыт, тарих, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, киім мәдениеті, кесек рөлге не керек, соның бәрін назарынан құр жібермеді.
Еврипидтің «Медея» атты трагедиясы үшін 2004 жылы Қостанай қаласында өткен Республикалық театрлар фестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» атауын Жанат Шайкина иеленді. Екінші мәрте! Қазақ тіліне ақын Қайрат Жұмағалиев аударған. Еркеғали Рахмадиев, Фариза Оңғарсынова, Әшірбек Сығаев тәрізді өнер иелері оттай жанып, жанын салатын Жанаттың ойынына ерекше тәнті болды. Бұрынырақ қазақ театрының кемеңгері Әзірбайжан Мәмбетов Шекспирдің «Король Лир» атты трагедиясында Шайкина екі рөлді – Корделия мен Сайқымазақты қат-қабат алып шыққаны үшін ерекше ризашылығын білдірген.
«Твой звездный час Корделия – Медея!
Стюарт Мария и частица шутовства.
Во всем, что делаешь, душой и телом молодея,
Есть Божий дар, во всем есть признак естества», – деп Василий Кульбачко өлең жазды.
Гастрольдік сапарларға барған кездері жігіттер ұнатып, қағаз жазып, сахнаға лақтыратын. Актрисалар мұндайды бірге оқып, күлісіп қояды. Актрисалар күйеулерімен бірге жүргенін аңғал жігіттер қайдан білсін. Алайда «Өнер құрбандық тілейді» десе, бұл аксиома екен. Ұлы өнер жолы аңсарлы бақытты ысырып тастайтын құпияға әсте кенде емес.
Өнер жолында талантты жастарға түрлі кедергілер кездеседі. Артист болудың сахнадан тыс жағын былайғы жұрт біле бермейді. Сүттей ұйыған отбасын Жанат тап-тұйнақтай ұстады, үй іші айнадай жарқырап тұратын, асқа бап, күйеуін күтуге, балаларын қарауға, театрдағы жұмысына, бәріне де үлгеретін. Павлодарда тұрғанда ел айтатын: «Жұбайыңыз Секербек жақсы адам, алтындай үш қызыңыз бар, қандай бақыттысыз!». Бірақ әдемілігі мен өнері әрі оның бейқамдығы екен, мұның толықсыған бақытын тартып алып қойғысы келген жат пиғыл жар астынан табылды. Әріптесі емес, көлденең әйел. Іс насырға шапты. Қиын кезеңде Жанатты өнерге ғашықтығы құтқарды. Ер азамат сүйіп қосылған алғашқы жар қадірін ардағы уысынан шығып кеткен соң барып түйсінеді. Бірақ тым кеш…
Тіршілікке тән негативтен қорғана білу тактикасы туралы актрисаның өз пікірі қалыптасты. Сұрқай жандар қайдан болмасын оңай жол табады. Озбырдың өзегі талмайды. Қастық пен қиянатқа баратын имансыздардан өнер иесі биік болуы керек. Жамандарды жеңу әсте мүмкін емес, аузы былық, басыңа әкеп, қара орамалды жаба салады. «Бұл неге менімен ұрысып, алыспайды, неге дауға килікпейді, өйткені момын, қорқақ», – деп әлгілер жаңсақ ойлайды. Зұлымдықты елемей қою момындық емес, парасат күші. Жанат Аңсабайқызының 41 жылдық сахналық өмірінде түйгені, артық әңгіме, өсек-аяң, қызыл көз қызғаныш – бәрі түбі бекерге шығарын тек адал еңбегіңмен дәлелдей аласың. Шын таланттардың жетпіс пайызы жалғыз, өз әлемінде ғана өмір сүреді екен. Адамзат вампирлер мен донорларға бөлінеді, энергетикалық тұрғыдан қансорғыш делінетін топ донорлардың өмірлік қуат-күшімен қоректенеді. Қазіргі психология ғылымы мұны растады. Рухы күштілер мылтықсыз майданнан аман-есен шығады.
Бар байлығым балаларым, ұрпағым деп өмір сүреді. Жанат Аңсабайқызы қыздарын ұзатып, күйеу балаларына көңілі толып, жиендерін қызықтап отырған салиқалы апа болды, дегенмен сахнада жас әйелдердің рөлін алып шыға беретін әдемілікті құдай оған берген. Жанат Шайкина репертуары аса бай актриса. Ол Павлодар театрындағы поэзиялық-музыкалық кештерде романстардың орындаушысы ретінде де танылды. Драма жанрында топ жарған классиктерден кейінгі авторлардың көш-керуенінде 70-ке тарта тағдырлы рөлдерді сахнаға алып шыққан. Бұл тізім тым қомақты: Еврипид, Шекспир, К.Гольдони, Ф.Шиллер, А.Чехов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Н.Хикмет, Ғ.Мүсірепов, Ш.Айтматов, А.Цагарели, Ж.Шевре, С.Жүнісов, Т.Ахтанов, Р.Сейсенбаев, Д.Исабеков, Қ.Ысқақов, О.Сәрсенбек, М.Байджиев, Т.Есімжанов, А.Вампилов, А.Бек, О.Бодықов, Б.Васильев, М.Байсеркенов, Б.Калчабаева.
Кенже қызы 2006 жылы оқуға түсіп, Павлодарға анасына келгіштей берген Ақнұры үшін Елордаға қоныс аударған. Ол Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық қазақ драма театрында «АЛЖИР азасы» – Ғалия, «Үйлену» – Дерек, «Гамарджоба» – Ханума, «Махаббат мелодрамасы» – Нұржамал, «Ізгілік формуласы» – Жанн, «Қыз Жібек» – Қамқа, «Тіл табысқандар» – Болдыхан сияқты рөлдерді сахнаға алып шықты.
2012 жылы режиссер Әлімбек Оразбеков қойған Ж.Шевренің «Ізгілік формуласы» атты драмасындағы Жанн рөлі үшін актриса Қостанай республикалық театрлар фестивалінде төртінші мәрте «Ең үздік әйел рөлі» атауын иеленді. Премьерасы 2016 жылы көктем ауа өткен А.Айларовтың «Сүрінген сүрбойдақ» атты комедиясында ол Дзерасса сияқты жаны нәзік, мейірбан, бақытқа жаралған, ар-ұяты бетінде тұратын ибалы жанды ойнады. Патшайым және сезімге өртеніп, айналасын күл қылып кететін рухы күшті әйел затын аласартпай алып шығуға ерік-жігері еркін жетті. Осының бәрін қарап отырса, ол кейде сахнаға өзін-өзі ойнап жүргендей көрінеді. Кейде, қызық, өзінің өмірдегі дұшпандарын ойнап кеткендей елестейді. Сыртқа сыр білдірмегенмен, ішінде жанартау атылатындай шиыршық атады. Міне, астаналық бір актрисаның өмірі осылай өтіп жатыр.
Айгүл Кемелбаева