20 мам, 2021 сағат 21:56

Ақтөбеде жергілікті жартылай фабрикаттар жоғары сұранысқа ие


Ақтөбе қаласы мен өңір тұрғындары жергілікті серіктестік өндіретін жартылай фабрикат өнімін сатып алуды жөн санайды.

Компания алғашы кезде «Даму өндіріс» бағдарламасы арқылы несие рәсімдеп, кәсібін жандандырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жартылай фабрикаттар дайындайтын серіктестік өз жұмысын 1998 жылы бастады. Алғашында шағын цех жұмыс істеп, кейін заманауи аппараттар сатып алынды. Қазіргі кезде «Геба» ЖШС-нің өнімі тек облысқа емес, еліміздің өзге де өңіріне жеткізіліп жатыр. Сөйтіп 2019 жылы компания өз қуаты артып, тәулігіне 10 тонна өнім шығару мүмкіндігіне ие болды.

«Қазақстандық өнімді біздің серіктестіктен табуға болады. Мұнда жартылай фабрикаттың 40 түрі бар. Түшпара, тартылған ет, котлет секілді ет және ет өнімдері еш қоспасыз тұтынушыға жеткізіледі. Сондықтан болар, біздің өнім сапасына сенім артып, сатып алатындар қатары жыл өткен сайын артып келеді»,- деді компания директоры Жанзия Кадирова.

Компания «Даму өндіріс» бағдарламасы арқылы несие алды. Бұл қаржы айналымға қолданылды.

«Серіктестікте 70 адам жұмыс істейді. Нарықта өз орны бар, тауар сапасы бәсекеге қабілетті. Кәсіпкер мемлекеттік қаржыны тиімді жұмсап, өңір экономикасының дамуына үлес қосып отыр. Бұл – жергілікті өнім. Өз тауарымызды қолдау үшін тұтынушылар да жиі сатып алады», - деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ АОФ менеджері Бауыржан Дарқұлов.

Статистикаға сүйенсек, былтыр «Даму» қоры арқылы 500-ге жуық жоба субсидияланды. Нәтижесінде екінші деңгейлі банктер 18 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлген. Сонымен бірге кепілдік берілген жоба саны 500-ден асады. Биыл бірінші тоқсанда «Даму» қоры облыс бойынша 496 жобаны субсидиялады. Құны - 8 миллиард теңге. Сонымен бірге 400-ден астам жобаға кепілдік берілген.