08 мау, 2021 сағат 21:48

Ақтөбеде картоп бағасын тұрақтандыру үшін еліміздің оңтүстігімен келісім жасалады


Ақтөбеде картоптың келісі 320-360 теңге, ал шағын дүкендерде 400 теңгеге жетті. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Ақтөбе» ӘКК-ы еліміздің оңтүстік өңірлерінен көкөністі жеткізу қызметін өз міндетіне алмақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақтөбе облыстық статистика департаментінің хабарлауынша, өңірде картоп бағасы 26,6 пайызға көтерілген. Сонымен бірге сәбіз бағасы 12, пиязға 11,3 пайызға өсті. 

«Қазіргі кезде облыста картоп пен сәбіз бағасы өсті. Картоптың келісі көтерме базарда 300-320 теңге болса, сәбіз 360-380 теңге болды. Оның өз себебі бар. Еліміздегі оңтүстік өңірдің өндірушілері бағаны көтеріп жіберген. Келісін 260-280 теңгеге саудалап жатыр. Сонымен бірге тасымалдауышылар да өз бағасын қосады. Олар жанаржағармай бағасына да байланыстырып отыр», - деді облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев. Қазіргі кезде «Ақтөбе» ӘКК-ы аймақаралық кооперация аясында бағаны төмендетуді жоспарда бар. Екі жүк көлігін жіберіп, арзан көкөніс жеткізуге уәде етті.