Ақтөбеде полиция көліктерді жаппай тексеріп жатыр. Екі сағатта 50 көлік автотұраққа қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ірі өндіріс орындары өз жұмысшыларының көлігін әкімдік арқылы «Сергек» бағдарламасына тіркеуі қажет еді. Онда адамдардың жұмыс уақыты, күндері анық жазылуы тиіс. Бүгін таңертең көлік иелерін жаппай тексеру басталды. Екі сағатта 50-ден астам адам әкімшілік жауапқа тартылып, көлігі арнайы тұраққа қойылды. Оларда анықтама құжаты болмады, сонымен бірге кәсіпорын басшылары жұмысшыларының қауіпсіздігіне селсоқ қараған. Соның ішінде коммуналдық мекемелер мен азық-түлік, дәрі-дәрмек тасымалдаушылар да бар», - деді облыстық жергілікті полиция қызметінің бөлім бастығы Айдос Құлжанов.
Айта кетейік, өңірде барлығы 600-ден астам құқықбұзушылық тіркелді. Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің «Төтенше жағдай режимін бұзу» бабы бойынша 138 адам қамалды.
Сонымен бірге 200-ге жуық адамға айыппұл салынды. Бейберекет көшеде жүрген адамдардың көбіне ескерту берілді. Ал «Төтенше жағдайда құқық тәртібін бұзуға итермелейтін іс-әрекеттер» бабы бойынша 12 адам қамалған. Сотқа жіберілген материалдар да бар.
Полиция блокпостты айналып өтпек болған адамдарды әлі анықтап жатыр. Өңірде 31 дерек тіркелген. Полиция қала тұрғындарына ел ішіндегі шектеулерді қатаң сақтауға, үйде отыруға кеңес береді.