21 қыр, 2022 сағат 09:24

Ақтөбеде басынан соққы алған сарбаздың жағдайы ауыр


Ақтөбедегі әскери бөлімде борышын өтейтін сарбаз "жағымсыз иіс шығарғаным үшін жазықты болып жазаландым" дейді. Басынан қатты соққы алған Алдияр Кеңесбек қазір үйінде емделіп жатыр, деп хабарлайды ktk арнасы.

"Сержанттың кесірінен ұлым кем болып қалды" деген ата-ана бауыр еті баласына қиянат жасаған әскери қызметкерді қатаң жазалауды сұрайды. Әрі Отан алдындағы борышы толық өтелмегеніне қарамастан, ұлын әскерге қайта жібергісі жоқ.

Әскерге он екі мүшесі сау кеткен Алдияр Кеңесбектің қазіргі жағдайы ауыр. Тепсе темір үзетін азамат үш айда төсектен тұра алмайтын хәлге түскен.  

Туыстары оны Ақтөбедегі 6655 әскери бөлім сержантының соққысы осындай кеселге душар еткен дейді. Қазір 18 жастағы азамат үйінде емделіп жатыр.

Ол маусым айында Тараздан әскери борышын өтеуге барған. Жәбірленуші жатар алдында казармада жел жіберіп қойған. Сол үшін сержанттан оңбай таяқ жедім дейді. 

"Байқамай жел шығарып қойдым. Айналамдағылардың бәрі "фуй" деп кетті. Басқа жаққа барып тұрғанмын. "Кім осырды" деп сұрады? "Мен" - дедім. Сержант басымнан орындықпен ұрды. Ары қарай есімді білмеймін, талып қалдым. Санитарлық бөлімге апарды, сол жерден есімді жидым", - дейді Алдияр Кеңесбек.

Жас жауынгер аяғынан тұра алмайтын хәлге жеткен. Бірақ осы қиын жағдайымен ол екі ай сүйретіліп, ақыры ауруханаға жатқызылыпты. Сол жерден белгісіз біреу науқастың туыстарына хабар берген. Ақтөбеге шұғыл жеткен әкесі ұлын Таразға алып қайтады. 7-қазанда емдеуге берілген демалыс мерзімі аяқталып, Алдияр қайта оралуға тиіс. Бірақ әкесі ұлын жібергісі жоқ. 

"Қайтіп жіберемін? Өткенде мен бармағанда баланың өлігін әкеледі екенмін, шынын айтқанда!" - дейді Алдиярдың әкесі Кеңесбек Әбдіраимов.

Ақтөбедегі 6655 әскери бөлімі жағдайға қатысты ресми түсініктеме бермеді. Есесіне, әскери прокуратура «қызмет бабын асыра пайдалану» бабы бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді.  

"2022 жылдың 20 қыркүйегінде Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану дерегі бойынша Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі 451-баптың 1-бөлігі бойынша соталды тергеп-тексеруді бастады", - деді Ақтөбе гарнизонының әскери прокуроры Жандарбек Спан.

Кеңесбек Әбдірайымов ұлы кемтар болып қала ма деп қауіптенеді. Ол баласына әлімжеттік жасаған әскериді ешқашан кешірмеймін дейді. Сондықтан оны бұл саладан аластатып қана қоймай, қатаң жазалауды талап етеді.