22 қаң, 2021 сағат 09:44

Ақтөбе облысындағы кеніште болған қайғылы оқиғаның себебі анықталды

Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы «Весенне – Аралчинский» жерасты кенішіндегі қайғылы оқиғаның себеп-салдары белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, қайғылы оқиға 2020 жылғы 30 желтоқсанда кешке жарылыс жұмыстарын орындау кезінде болған.

Оқиға салдарынан «Ақтөбе Мыс компаниясы» ЖШС қызметкерлері: тау-кен шебері Асхат Қайқанов, жарушылар Рустам Шәметов пен Денис Черный, жерасты өздігінен жүретін машиналардың машинисі Берік Жақыпов қаза тапты.

Оқиғаның мән-жайын тергеп-тексеру үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) құрған комиссия 4 жұмысшының қаза болуының негізгі себептерін анықтады. Осы мақсатта Еңбекмині Ақтөбе облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы Саламат Аманбаевтың төрағалығымен арнайы комиссия құрды.

«Осы жазатайым оқиғаға әкеп соққан мән-жайларды жан-жақты және объективті зерделеп, куәгерлерден сұрау барысында жиналған барлық дәлелдер базасын назарға ала отырып және жұмыс берушінің техникалық құжаттамасы мен материалдарын зерделеу нәтижелері бойынша комиссия қайғылы оқиға өндіріспен байланысты деген қорытындыға келді»,-делінген хабарламада.

Комиссия мынадай негізгі себептерді анықтады: жұмыскерлер қауіпсіздік талаптарын өрескел түрде бұзған, жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзған, жұмыс өндірісі талапқа сай ұйымдастырылмаған.

«Комиссия мүшелері қаза тапқан қызметкерлердің туыстарымен кездесіп, оларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әлеуметтік қорғауға заңды құқықтарын түсіндірді. Арнайы тергеп-тексеру материалдары процестік шешімдер қабылдау үшін Ақтөбе қаласының құқық қорғау органдарына берілді»,-деп хабарлады мнистрліктің баспасөз қызметі.