Ақтөбе облысында полицейлер жоғалып кеткен ерекше баланың мәйіті табылғанын мәлімдеді. Жоғалғаны баланы іздеу жұмыстары 4 тәулікке жалғасқан еді.
“Бүгін 13 жасар жоғалған баланың денесі судан табылды. Ақтөбе облысы ТЖД жедел құтқару жасағының құтқарушылары Елек өзені, аймағында сағат 09:45-те жағадан 15 метр қашықтықта 1.5 тереңдіктен жоғалған баланың денесін судан шығарды. Қазіргі таңда денесі полиция қызметкерлеріне берілді”, – деп хабарлайды ТЖД-нің баспасөз қызметі.
Осы уақытқа дейін құтқарушылар, кинологтар, полиция қызметкерлері, 20982, 6655 әскери бөлім, жергілікті тұрғындар және еріктілер іздестіру жұмыстарын жүргізді.
“Кәмелет жасқа толмаған Кәрім Жетіруды іздестіру шараларын жүргізу барысында денесі Юрта мейрамханасының маңындағы Елек өзенінен табылды. Полиция, еріктілер және бей-жай қарамайтын азаматтар жоғалған адамның орналасқан жерін анықтауға бағытталған іздестіру шараларын жүргізді”, – деп хабарлайды облыстық ДП-нің баспасөз қызметі.
Баланы іздеуге 500-ге жуық адам жұмылдырылған, оның ішінде полиция, төтенше жағдайлар қызметі, қызметтік иттер мен 40 техника бар. Оған үш квадроцикл, екі қайық, бірнеше жылқы тартылып, ұшқышсыз ұшақтар қолданылды. Сонымен қатар іздеу жұмыстарына кейін тікұшақ та жұмылдырылды.
Еске салайық, аутизм дертіне шалдыққан бала 4 маусым күні ата-әжесінің үйінен шығып, жоғалып кеткен. Туыстары мессенджерлерде баланың ауладан ішкиім мен жейдемен шыққан видеосын жариялады. Бұл сәт көшедегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған.