Фото: ашық дереккөз
Ақтөбе облысында ауа райының күрт нашарлауына, боран соғып, жолдың көріну деңгейінің төмендеуіне байланысты бірқатар республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда көлік қозғалысына шектеу енгізілді, деп хабарлайды Ult.kz.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары және жергілікті атқарушы орган мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Патрульдік экипаждар жүргізушілерді қауіпсіз аймақтарға дейін алып жүріп, жолда қалып қойған азаматтарды эвакуациялауда.
Сондай-ақ жолда қалған адамдар арнайы ұйымдастырылған жылыту пункттеріне жеткізіліп, қажетті көмек көрсетілуде.
Құзырлы органдар жүргізушілерге ескерту жасады: жол қозғалысына шектеу қойылған жағдайда айналма жолдармен жүруге әрекет жасамау қажет. Мамандар азаматтарды өз қауіпсіздігін сақтауға және ауа райы тұрақталғанша алыс сапарға шықпауға шақырады.
