"Ақбөбек-Восток" балалар лагерінің тәлімгерлерінің бірі кәмелеттік жасқа толмағандарды азғындады деп айыпталды, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Тәлімгердің үстінен жеті бірдей баланың ата-анасы полицияға арызданыпты. Қазір арнайы комиссия лагердегі мән-жай анықтап жатыр.
"Кәмелетке толмағандарды азғындыққа итермелеу болды ма, болмады ма анықталып жатыр. Алматы ауданы полициясы сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Тексеру барысында барлық жағдай анықталады. Бұл істі прокуратура қатаң бақылауға алады", - деді Ақтөбе қаласы Алматы ауданының прокуроры Жасұлан Дәулембаев.
Ер балалар тобына жетекшілік еткен 22 жастағы тәлімгер жігіт жұмыстан босатылған. Ол Астанадағы жоғарғы оқу орнының бірінің студенті екен. Үйінен ешқайда кетпеу туралы қолхат беріпті.
Лагерь басшысы Айболат Ташкеновтың айтуынша, тәлімгер жұмыстан шығарылған. Ал өзге тәлімгерлер әріптестерінің оғаш қылығын байқамаған.
«Оны тек жақсы адам ретінде танимын. Жақсы маман, білікті азамат. Нұр - Сұлтан қаласындағы «Шабыт» академиясында кино және театр актері мамандығы бойынша білім алып жүр. Телеарнада жұмыс істеді деп естідім», - деді тәлімгер Уәлихан Кенжебаев.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Райхан Нұрғожаеваның айтуынша, лагерьдегі 10-12 жастағы балаларды тәлімгер би кешіне жібермеген. Ал жеткіншектер "бізді ұрды" деп шағымданыпты. Азғындық туралы ешқандай мәлімет түскен жоқ, дейді бөлім басшысы.