Ақтаудағы оқиға. Видеодан кадр: instagram.com/cenzura_aktau
Ақтауда мектеп оқушылары төбелесті. Оқиға орнында түсірілген видеолар желіде тарады. Маңғыстау облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Желіде оқушылар тобы түскен кадрлар жарияланды, олардың қатарында ұлдар да, қыз балалар да бар. Видеодан жағдайға қатысты ойын айтып, сөз арасында бейәдеп сөйлеген оқиға куәгерлерінің дауысын естуге болады.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті NUR.KZ тілшісіне оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде анықталғанын айтты.
2026 жылдың 4 наурызында шамамен сағат 13:20-да Ақтаудағы мектептердің бірінің жанында кәмелетке толмаған оқушылар арасында жанжал туындап, оның арты төбелеске ұласқаны анықталды.
"Тексеріс барысында мектептің 10 жастағы оқушысы төбелеске қатысқаны анықталды. Оның заңды өкіліне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Бұл оқиғаға қатысты ешқандай мәлімдеме немесе шағымдар түскен жоқ, ешкім медициналық көмекке жүгінген жоқ. Қазіргі уақытта басқа кәмелетке толмағандарды анықтау жұмыстары жүргізілуде", - деді департаменттің баспасөз қызметі өкілдері.
